Оксфорд университетінің студенттері қазақ тілін үйренеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оксфорд университетінің студенттері қазақ тілін үйренеді

31.01.2024

Оксфорд университетінің студенттері қазақ тілін үйренеді. Ұлыбританияда Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Вольфсон колледжі арнайы келісімге қол қойды. Бұған дейін осы оқу орнында қазақ-ағылшын сөздігінің тұсауы кесілген болатын. Осылайша ана тіліміз әлемдегі ең танымал сөздік желісіне еніп, ғаламдық лингвистикалық ортаға қосылып жатыр. Шетелдік белді білім ордасы не себепті қазақ тіліне ден қойып отыр? Тілшіміз тарқатады.

Оксфорд студенттерінің түркітілдес мемлекеттердің бай мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне деген қызығушылығы ерекше. Алдағы уақытта әлемнің түкпір-түкпірінен осында оқуға келген жастар ұлы Абай тілін үйрене бастайды.

Тим Хитченс, Wolfson колледжінің президенті:

Қазақстан туралы көбірек білгісі келетін студенттердің саны артып келеді. Сондықтан арнайы меморандумға қол қойдық. Қазақ ғалымдарын Оксфорд университетінде оқыту мәселесі де қарастырылып жатыр.

Еліміздің стратегиялық жағдайы жергілікті ғалымдардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттырған. Әлемнің қозғаушы күші Азияға қарай жылжыған заманда сол құрлықтың жүрегінде орналасқан Қазақстанмен байланысты нығайту маңызды, дейді олар. Жоба Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен бірлесіп жүргізіледі.

Лейла Наджафзада, Оксфорд университеті жанындағы «Бір сөз» бастамасының директоры:

Оксфорд университетінің Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультеті бұл мүмкіндікке дән риза. Біз қазақ тілін үйрететін Ұлыбританиядағы бірінші және жалғыз оқу орны болғалы тұрмыз.

Қаржыландыру университеттің түріктілдес тілдерге арналған арнайы бағдарламасы есебінен жүргізіледі. Курстар келесі академиялық оқу жылында басталмақ.


Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу