Жерорта теңізінде пластик мөлшері шамадан тыс көбейіп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жерорта теңізінде пластик мөлшері шамадан тыс көбейіп кеткен

31.01.2024

Жерорта теңізінің Түркия жағалауында пластик мөлшері тым көбейіп кеткен. Ғалымдар осылай дабыл қағып отыр. Жыл сайын теңізге шамамен 230 мың тонна пластик қоқыс тасталады. Мамандар бұл қоқыстың 99 пайызы теңіз түбіне шөгіп, экожүйеге орасан зор зиян тигізетінін айтады. Былтыр жүргізілген зерттеуге сай Жерорта теңізінің Түркия жағалауындағы пластик мөлшері бір шаршы шақырым суда 374 келі болған. Егер осылай жалғаса берсе алдағы он жылда теңіздің суы енді тазаланбастай болып кірленеді. Ғалымдардың айтуынша Жерорта теңізін жағалай отырған Мысыр, Сирия, Грекия, Израиль сияқты елдер суға өте көп мөлшерде пластик тастайды. «Сондықтан бұл проблемамен барлық елдер бірлесе күреспесе нәтиже болмайды», - дейді мамандар.

Үлген Айтан, эколог ғалым:

Егер мәселені дер кезінде қолға алмасақ, бір күнде теңізге тасталатын пластик қоқыстың мөлшері 90 килограммға жетеді. Оны тек тазалаумен ғана мәселе шешілмейді. Сондықтан осы теңізбен шектесетін барлық елдер алдағы 20 жыл бойы пластик өндірісін 40 пайызға қысқартуы қажет. Ал бір реттік пластик ыдыстар шығаруды мүлде тоқтату керек.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу