Газ балоны жарылған жағдайлар азаяр емес. Мәселен, Жетісу облысында соңғы бес жылда 12 жағдай тіркелген. 31 адам зардап шегіп, 2 адам қайтыс болды. Ал өткен жылы осындай 5 қайғылы оқиғада 10 адам түрлі дене жарақатын алса, бір адам көз жұмды. Бұл төтенше жағдайлардың басым бөлігі тұрғындардың сұйытылған газ балондарын дұрыс пайдаланбау салдарынан дейді, құтқарушылар. Сондықтан үй-үйді аралап, тексеру жұмыстарын жиі ұйымдастыруға тура келеді. Тек Талдықорған қаласында 842 көпқабатты тұрғын үй болса, олардың 300-ден астамы орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмаған. Яғни мұндағы тұрғындардың басым бөлігі пәтерлерінде газ балонын немесе электр плиталарын қолданады.