Ботақара кентіндегі жарылыс болған үй 2014 жылы пайдалануға берілген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ботақара кентіндегі жарылыс болған үй 2014 жылы пайдалануға берілген

30.01.2024

Қарағанды облысының Ботақара кентіндегі жарылыс болған екі қабатты тұрғын үйде апат болып, 12 пәтерлі үй ортасынан опырылып түсті.

Ботақара - Бұқар жырау ауданының орталығы. Қарағанды қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан. Қазір елдімекенде төтенше жағдай жарияланды.

Жарылыстан екі адамның қайтыс болғаны белгілі. Бірнеше адам ауруханада. Әріптесім Руслан Нұрланұлы оқиғаның қалай болғанын тарқатып айтсын.

Жантүршігерлік оқиға түнгі сағат 12-ден аса болған. Жұрт шырт ұйқыда жатқанда екінші қабаттағы пәтерде газ баллоны жарылып, салдарынан ортасынан опырылып түсті. Екі адам қаза тапты. Шекер Уәлиева мұнда үй 2014 жылы пайдалануға берілгеннен бастап тұрады. Жылдар бойы тату-тәтті тұрып жатқан көршілерімнен бірақ сәтте айырылдық,-дейді.

Шекер Уәлиева, Ботақара кентінің тұрғыны:

Танимын, бәріміз көршіміз ғой. Алма мен Төлеген екеуі ерлі-зайыпты. Балалары бар. Бір ұлы бар. Келіні, үш немересі. Қазір олар больницада шығар.

12 пәтерлі үйде барлығы 46 тұрғын бар. Соның 35-і үйлерінде болған. Газ баллоны екінші қабаттағы пәтерде жарылған. Ондағы екі ер адам күйіп қалған. Бірінің жағдайы ауыр. Денесінің 80 пайызын күйік шалған. Екеуі де қазір аудандық ауруханада ем қабылдауда. Төбе плиталарының құлауы салдарынан тура төмедегі пәтерде тұратын ерлі-зайыптылар қаза тапты. Ал олардың немересі ауыр жарақаттанған.

Бибігүл Төлегенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Оқиғада 5 зардап шеккен 2 ересек науқас Бұқар жырау аудандық ауруханасында стационарлық ем қабылдауда. Олардың ең көп зардап шеккені 80 пайыздық күйік алды. Жағдайы өте ауыр. Екінші науқас 26 пайыз күйік алды. Жағдайы ауыр, тұрақты. Зардап шеккен бала санитарлық авиация көмегімен облыстық ауруханға жеткізілді. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімшесінде. Бүкіл медициналық көмек толық көрсетілуде.

Жарылыс болған пәтерде екі Өзбекстан азаматы болған. Үй иесінің айтуынша, олар жөндеу жұмыстарын істеп жатқан. 29-ы қаңтарда оларға газ баллоны жеткізілген. Алдын-ала болжам бойынша, 27 литрлік пропан газы техникалық қауіпсіздікті сақтамау салдарынан жарылған. Құтқару кезінде тірі табылған 5 адамды үйінді арасынан алып шығу қиындық туғызды - дейді мамандар.

Аманбек Бейсенбаев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

Газдың шығуынан ауамен араласуы салдарынан хлопок болған. Бұл жерде өртсіз, жану жағдайы болмаған. Құтқарушылар арнайы құралдары, дамкраттармен көтеру арқылы, кранның көмегіменен адамдарды аман-есен алып шықты.

Қазір жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Зардап шеккендерге келтірілген залалды бағалау жөнінде арнайы комиссия құрылды. ҚазМИРР сарапшыларының қатысуымен опырылған үй тексеріліп жатыр. Тұрғындар әзірге туыстарының үйіне орналасқан.

Абылай Сұлтанғали, Бұқар жырау ауданының әкімі:

Қазіргі таңда біз ол кісілерге жалдамалы үйді шешіп береміз. Ары қарай үйдің мәселесін толығымен шешетін боламыз. Ол қазір жаңадан үй салынады ма, басқа жағынан болады ма қарастырамыз. Онымен айналысамыз. Бірінші кезекте мына үйді мамандар тиісті сараптамадан өткізеді. Әлеуметтік жағдайы төмен, әр санаттағы адамдарға берілген үй. Сондықтан сол санаттағы адамдарға беріледі.

Ботақарада 2 қабатты 12 үй бар. Соның екеуі жылу қазандығына қосылмаған болса, біреуі осы. Тұрғындар іштен пеш жағады. Жалпы 2 қабатты үйлерге газ баллонын пайдалануға рұқсат етілгенімен, тұрғындар көбіне қауіпсіздікке немқұрайлы қарайды,-дейді төтенше жағдай мамандары.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Қазір осы оқиғаға байланысты арнайы штаб құрылды. Тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетіледі. Мамандар мына үйдің тұруға жарамдылығын тексереді. Егер жарамсыз деп танылса жергілікті билік тарапынан тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі шешіледі.


Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу