Еуропалық Одақ Орталық Азия елдерінің көлік инфрақұрылымын дамытуға 10 млрд еуро бөлмек. Бұл туралы Брюссельде өтіп жатқан «Еуропалық Одақ-Орталық Азия» инвестициялық форумында мәлім болды. Мәртебелі шараға қазақстандық делеагацияны еліміздің көлік министрі Марат Қарабаев бастап барды. Бизнес форумда Транкаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға басымдық берілді.
Геосаяси ахуал ушыққалы Еуропалық Одақ Орталық Азия елдерімен ынтымақты күшейтуге күш салып келеді. Аймақтың бес елінің көлік министрлерін, кәсіпкерлерін жинап бизнес форум өткізудегі мақсат та сол-қарт құрлыққа тауар тасымалдауға тиімді машруттарды, көлік инфрақұрылымын дамыту.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
Орталық Азиядағы ең қазіргі уақыттағы ең әлеуеті мол көлік дәлізі ретінде Транскаспий көлік дәлізін таңдап отыр. Осының шеңберінде осы Орта Азиялық көліктің бағытты дамыту үшін өз тарапынан Еуропа 10 млрд еуро бөлгенін мәлімдеме жасады.
Қазақстан-Еуропа мен Азияның арасындағы орнықты транзиттік бағыт. Елдің осы әлеуетін пайдалану үшін әрі көлік секторын дамыту үшін Еуропа инвестициялық банкі мен көлік министрлігі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Дәл осындай меморандумды Еуропа инвестициялық банкі Қазақстан экономикасын дамыту банкімен де бекітті.
Жозеп Боррель, Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:
Қазақстан-Орталық Азиядағы экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Транскаспий көлік дәлізінде әлеуеті зор ел. Осы маршруттың инфрақұрылымын дамытуға қызығушылық білдіріп отырған мемлекет. Сондықтан, біз инфрақұрылымды дамытуға Еуропа инвестициялық банкі арқылы 500 млн еуро бөлеміз.
Тереса Червинска, Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті:
Транспорт – ел экономикасының тірегі. Әрі Орталық Азияның әлеуетін ашу үшін біз тұрақты көлікпен қамтамасыз етуіміз керек. Осы келісімдер арқылы аймақ елдерімен, Қазақстанмен қатынасымыз тереңдей түседі деген сенімдемін.
Алдағы 5 жылда Қазақстанның көлік саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға 40 млрд еуро қажет. Басқосуда еліміздің көлік министрі Марат Қарабаев еуропалық кәсіпкерлерді осы жобаларға белсене қатысуға шақырды.
Нұрсұлу Қасым