Дактилоскопия: Шетелдіктерден саусақ іздерін алу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дактилоскопия: Шетелдіктерден саусақ іздерін алу басталды

30.01.2024

Қазақстан елшілектері мемлекетімізге келетін шетелдіктерді дактилоскопиялық тіркеуді яғни олардан саусақ іздерін алуды бастады. Визаға өтініш берген өзге елдің азаматтарынан он саусағының да іздері алынады. Мұндай талап елімізде тұрақты тұруға рұқсат алуға ниет білдірген азаматтығы жоқ азаматтарға да қойылады.

АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі бұл. Елімізге оқуға аттанғалы жатқан америкалық студенттер виза алу үшін алғаш рет саусақ іздерін тапсырып жатыр. Заң бойынша он алты жастан асқан әрбір шетелдік осы процедурадан өтуі міндет. Саусақ іздерін алу әлемдік тәжрибеде кеңінен қолданылады.

Иракли Саразидзе «American Councils» халықаралық білім менеджері:

Қазақстан енді ғана сол елдердің тізіміне қосылды. Бұл процесс электронды жүйемен байланысты болғандықтан кейде кішігірім ақаулықтар болып қалатынын түсінеміз. Бірақ, мәселелер уақытылы шешіліп жатыр. Біз айтарлықтай үлкен проблемаларды көрмедік.

Дактилоскопиялық тіркеу мемлекеттік органдарға жеке тұлғаларды тез анықтау мен көші-қон ағынын бақылап, қылмысты ізін суытпай ашу үшін маңызды. Яғни, ұлттық қауіпсіздік үшін аса қажет.

Динара Мұқанова, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті Сыртқы көші-қон басқармасының аға инспекторы:

Қазақстан республикасында тұрақты және уақытша тұруға рұқсат алу үшін келген кезде, визаларын рәсімдеу кезінде, алғаш рет ықтияр хаттарын, азаматтығы жоқ куәлігін рәсімдеген кезде және оларды қалпына келтіру кезінде осы міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтулері қажет.

Маманның айтуынша, жыл басынан бері яғни, бір айға жетпей отыз екі мың шетелдік дактилоскопиялық тіркеуден өткен. Арнайы заң талабы бойынша, қазақстандықтардың саусақ іздері жүз жасқа тоғанға дейін немесе қайтыс болғанша сақталса, шетелдіктердің мәліметтері он жыл ақпараттық базада, одан кейін қырық жыл мұрағатта сақталады.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу