1000-нан астам инвестициялық жоба Бас прокуратураның бақылауында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1000-нан астам инвестициялық жоба Бас прокуратураның бақылауында

29.01.2024

Кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірген 1200-ден астам лауазымды қызметкер жауапқа тартылды. Бас прокурор Берік Асылов отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында осылай деді. Бұдан бөлек, Бас прокуратура құны 7 жарым млрд АҚШ доллары болатын мыңнан астам инвестициялық жобаны өз бақылауына алған. Оның ішінде шетелдік кәсіпкерлер де бар. Жалпы инвестицияны қорғау қалай іске асып жатыр? Айя Мүтәлі анықтап көрді.

Айя Мүтәлі, тілші:

Өткен жылы жоғары қадағалау органының тарихында алғаш рет прокуратура қызметіне қосымша міндет жүктелді. Бас прокуратура жөнсіз кедергілерге тап болған инвесторлардың жобаларын қорғауы тиіс. Себебі, кәсіпкерлер дегеніне қолы жетпей, сағы сынған соң, ірі жобалар аяқсыз қалып жатыр. Мәселені шешу үшін инвестициялық штаб қайта құрылды. Ал мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар штаб шешімін бұлжытпау орындауы тиіс.

Мәселен, Алматыдағы 26 инвестор әкімдіктің рұқсат бермеуіне байланысты бір жарым жылдан астам уақыт газбен жабдықталмаған. Тексеріс кезінде шенеуніктердің әр нәрсені сылтауратқаны анықталды. Мәселе прокурорлар араласқаннан кейін ғана шешілді. Кінәлі лауазымды азаматтар жауапқа тартылды. Бұл әйнек, құмыра шығаратын зауыттың да жұмысына кедергі келтірген. Кәсіпорын былтыр іске қосылуы тиіс еді.

Айдос Асқатұлы, зауыттың атқарушы директоры:

Созып жіберді. Маған мынау қағаз керек, анау қағаз керек. Қағаз, құжаттардың бәрін дайындап алып келгеннен кейін соңында бізге айтады «бізде құқық жоқ сізді газға қосқанға, сіз енді күтіңіз, бұл газ ҚазТрансгазаймақ» өзіне қабылдағаннан кейін бірақ қосыла аласыз деп бір жарым жылға қайтадан созып жіберейін деді да.

Ақтаудағы мектеп, балабақша құрылысы да созылып кеткен. Жоба бекітілгенімен, әкімдік инвесторға еш себепсіз жер беруден бас тартқан. Бұған да прокуратураның араласуына тура келді.

Әсия Әділова, Жоба жетекшісі:

Біз әкімдікке 3 рет арыз жаздық. Құжаттарымыз түгел қолымызда. Бірақ, әкімдік себебін түсіндірмей жер беруден үзілді-кесілді бас тартып келді. Ал прокуратураға жүгінген соң, 3 ай жүгірген мәселемізді 3 аптада шешілді. Енді жоба кеш басталған соң, құрылыс 2025 жылы емес, 2026 жылы аяқталуы мүмкін.

Ал Атырау облысының инвесторлары 2018 жылдан бері спорт кешенінің құрылысына рұқсат ала алмай келген. Жергілікті билік аймаққа тиісті инфрақұрылымды түрлі желеумен жеткізбеген. Кәсіпкер құжат алудың өзіне 40 млн теңгеге шығындалғанын айтады.

Рустам Ибрагимов, кәсіпкер:

Бас прокуратураға бір жарым жыл бұрын арыз жаздық. Құжаттың бәрі заңды екені дәлелденді. Енді әкімдік су, газ, жарық бәрін орнатып беретін болды. Енді құрылысты биыл бастаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Бүгінде Бас прокурора дәл осындай жалпы құны 7,5 млрд доллар болатын 1011 жобасыны өз бақылауына алған. Оның ішінде 40-тан астам ірі отандық және 32 шетелдік инвестор бар. Бүгінде 94 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Олар ел экономикасына 1,4 трлн теңге салған.

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

Ақмола облысында испан инвесторы 3 жыл бойы жер ала алмаған соң, Қазақстаннан кетпек болған. Прокурорлардың араласуынан кейін 63 млрд теңге құрайтын жоба жұмысын бастады. Павлодар қаласында да құны бір жарым миллиард болатын француз инвесторының проблемасы шешілді. Оған әкімдік «қаланың бас жоспары өзгерді» деген сылтау айтып, сүт өнімдерін өндіретін зауытты қаладан көшіруді заңсыз талап еткен.

Айя Мүтәлі, тілші:

Бас прокуратура қазір Бірыңғай цифрлық инвестициялық платформа жүйесін әзірлеп жатыр. Ол арқылы рұқсат құжатын алу, жер учаскесін беру, жобаның пайдалануға беруге дейінгі барлық жұмыстарды нақты уақытымен бақылап отыруға болады. Ал құқық бұзылған немесе қандай да кедергілер болған жағдайда цифрлық жүйе Сыртқы істер министрлігі мен прокурорға автоматты түрде жолдайды.


Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу