Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрған ер адамға іздеу жарияланды. Сауда үйлерінде , ауладағы дүкендерге , көшелерге күдіктінің суреті бар парақшалар ілінді. 1987 жылғы күдікті жедел іздестіру шаралары екінші санатқа жатады. Себебі ол аса қауіпті қылмыскер емес. Дегенмен оның жасаған бұзақылық әрекеті қоғам назарын аударып отыр. Жедел жәрдем қызметкерлері дене қызуы көтерілген және қызылшаға күдігі бар баланы ауруханаға әкетпек болып Майқұдықтағы аулалардың біріне келген. Сол сәтте өтер жол қалдырмадың деп наразылық білдірген ер адам жүргізушіні соққыға жыққан.
Төреғали Берікқалиұлы, жедел жәрдем жүргізушісі:
Ұрып, ұрып кетіп қалды. Мен ана жерде не істерімді білмей қалдым. Машинаға отырдым. Фельдшерлер айтты жүре аласың ба деп. Мен айттым жоқ деп. Себебі көзім ісіп жұмылып қалды. Одан кейін 102 келді. Басқа бригада шақырттық.
Қазір жәбірленуші облыстық ауруханада мидың шайқалуы, қабырғасының жабық сынуы, бас сүйек гемотомасы сынды диагнозбен ем қабылдап жатыр. Денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл оқиғаға қатысты денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният әлеуметтік парақшасында пікір білдіріп, мұндай жағдай құқық қорғау органдарының деңгейінде де, қоғамда да қатаң айыпталуы тиіс деді. Сондай-ақ, тергеу ісін тікелей назарда ұстайтынын мәлімдеді.
Руслан Нұрланұлы