Алматыда Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіш ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіш ашылды

26.01.2024

Бүгін Алматыда Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіш ашылды. Мемлекет басшысы ескерткішті орнатуды былтыр Түркия Республикасының 100 жылдығына орай тапсырған болатын. Бүгінгі салтанатты шараға Ақпарат және мәдениет министрлігі, қала әкімдігі мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Түркияның тұңғыш Президентінің ескерткіші «Мұстафа Кемал Ататүрік» атындағы саябаққа қойылды. Мемлекет басшысы былтыр ескерткішті орнату туралы тапсырманы Түркия Республикасының 100 жылдығына орай Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапары кезінде берген болатын. Содан бері түркі жұртының көрнекті тұлғасының есімі еліміздің өзге де өңіріндегі көше мен саябақтарға берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бауырлас Түркия елінің мерейтойына орай, Астанада Анадолы көшесі, Шымкентте Түркия даңғылы мен саябағы және Алматыда Мұстафа Ататүріктің ескерткіші ашылатынын атап өткім келеді. Түркия біздің ежелден елшісі бір, тамырлас туысымыз. Сондай-ақ, Қазақстанның ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесі.

Қазақ-түрік жұрты үшін рухани маңызы бөлек тарихи сәтке Алматы жұрты, зиялы қауым өкілдері куә болды. Бәрі де Мұстафа Кемал Ататүріктің жүзеге асырған мәдени-саяси, экономикалық - әлеуметтік реформалары мен заманауи қоғамның құрылуына баға жетпес үлес қосқанын айтты.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Мұстафа Кемал Ататүрік – бір халықтың перзенті болса да, көп халықтың тағдырына өшпес із қалдырған әлемдік тұлға. + 01:55 Бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастық, алтын көпір болған мәдени байланысымыз зор. Мәселен, 2023 жылы дәл осы саябаққа түрік халқының көрнекті көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүріктің есімі берілгенін білесіздер. Ал бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Түрік Республикасының 100 жылдығына орай Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемалға арнайы орнатылған еңселі ескерткішінің ашылу рәсіміне жиналып отырмыз. 

Биіктігі 3 метрден тұратын қола ескерткіштің тұғыры граниттен жасалған. Ескерткіштің авторлары отандық мүсіншілер - Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов.

Тимур Ермұхаметов, ескерткіш авторларының бірі:

Композицияның негізгі тұғырын өзінен бастап, республиканың құралғанын көрсеттік. Небір тастың бөліктерінен. Ататүріктің өзінің келе жатқанын, демократиялық өзінің мемлекет құрған кезіндегі алға жүріп жатқан көрсеттік. 

Мұстафа Капуджу, Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісі:

Қазақстан Президенті, құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның басшылығымен қазақ елінің Түркия 100 жылдығына тарту еткен бұл сыйлығының үлкен мәні бар. Түркия Республикасының 100 жылдығына ортақтасқандарыңызға алғыс білдіреміз. Бүгін салтанатты шара тек ескерткіштің ашылуы ғана емес, екі ел арасындағы бауырластықтың белгісі.

Түркияның негізін қалаушы, реформатор әрі елдің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік 15 жыл ел басқарған. Тарихи таным мен ұлттық рухты күшейтіп, түрік тілінің беделін арттырып, мемлекеттің дамуына негіз болатын оның енгізген реформалары күні бүгінге дейін жалғасып келеді.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу