Елімізде автомобиль өндірісі 30 пайызға артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде автомобиль өндірісі 30 пайызға артқан

26.01.2024

Елімізде былтыр 148 мың көлік шығарылып, автомобиль өндірісі бір жыл ішінде 30 пайызға артқан. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында айтты. Үкімет басшысы жаңадан салынып жатқан КИА зауытының құрылысымен танысты. Көлік және ауылшаруашылығы техникаларын құрастыратын өндіріс орындарында болды.

КИА көлігін шығаратын зауыттың құрылысы былтыр қарашада басталды. Құны 90 млдр теңге. Жобаны толық Оңтүстік Кореялық инвесторлар қаржыландырады. Зауыт құрылысы биыл аяқталып, 2025-ші жылдың басында алғашқы автокөліктер құрастырыла бастауы тиіс. Толық қуатына көшкенде зауытта 1500 адам жұмыс істеп, жылына 70 мың көлік шығарылады.

Әлихан Смайылов ҚР Премьер-министрі:

Бұл Қазақстан үшін аса маңызды жоба. Машина жасау саласындағы маңызды қадам. Өндіріс ауқымы өте үлкен. Біз Үкімет тарапынан мұндай жобаларға жан-жақты қолдау көрсетеміз.

«СарыарқаАвтоПром» еліміздегі машина жасау саласындағы алдыңғы қатарлы өндіріс орындарының бірі. Былтыр зауыт 90 мыңнан аса автокөлік шығарды. Биылғы меже – олардың санын 110 мыңға жеткізу. Үкімет басшысы осындағы «Chevrolet Оnix» автокөлігін өндіру желісін техникалық іске қосуға қатысты.

Премьер-министр ауыл шаруашылығы техникасын құрастырырып, оларға компоненттер мен қосалқы бөлшектер өндіретін кәсіпорынның оқшаулау орталығында да болды. Өндіріс ошағы бір жылда мың комбайн, үш мың трактор, 300 сепкіш құрауға қауқарлы.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Былтырғы жылдың қортындысы бойынша 6400 комбаин шығарылды. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп. Қазір жергілікті қамту орталығында тұрмыз. Бұл маңзыды орталық. Себебі қосымша қосылған құн Қазақстанда болады. Жұмыс орындары ашылады. Шағын және орта бизнес дамиды.

Заречный ауылының тұрғыны Қымбат Көкиева мемлекеттің қолдауымен іс бастағандардың бірі. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 5,2 миллион теңге несиеге, 13 сиыр сатып алған. Бір адамды жұмыспен қамтып отыр.

Қымбат Көкиева, кәсіпкер:

Жоспарым кәсіп аясын кеңейту. Алдымен ет сататын дүкен ашсам деймін. Әрі қарай жартылай фабрикаттар өндіріп сатуды көздеймін.

Үкімет басшысы «Qostanai ІТ Hub» орталығының жұмысымен де танысты. Аталған хаб өз қызметін мемлекет басшысының Жолдауын орындау шеңберінде жүзеге асырып жатыр. Мұнда зертханалық кешен және өзге де жоғары технологияға бағытталған кабинеттер жұмыс істейді. Премьер-министр жергілікті ІТ-қауымдастық өкілдерімен кездесіп, олардың стартап жобаларымен танысты.

Санжар Құсдәулетов, «Qostanai ІТ Hub» Президенті:

Біздің стартап оқу түсуге қажетті ақпарттарды жинақтауға арналған. Абитуренттің сенімді серігі десе болады. Мұнда түлектер өзі таңдаған оқу орнына қатысты барлық деректі таба алады.

Мұндай орталықтар тиімді бизнес-процестерді құруға, олардың ауқымын кеңейтуге және инвестициялар тартуға септігін тигізуі тиіс.


Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу