Шығыстағы Марқакөл ауданындағы-Шанағаты мен Балықтыбұлақ ауылдары қаңтардың сегізінен бастап қар құрсауында отыр. Бұл шағын елдімекендерге қатынайтын жол аудандық маңызда. Сондықтан оны қардан тазалау жергілікті коммуналдық мекеменің міндеті. Алайда аудандағы салаға жауапты мамандар ауыр техниканың аздығы қолбайлау екенін айтады. Тілшіміз Олжас Керейхан осы Марқакөл өңіріне барып, арнайы репортаж әзірледі.
Марқакөл өңіріндегі ауылдардың көбі қаңтардың басынан-ақ сыртпен байланссыз қалды. Арада 10 тәулік өткенде біртіндеп жол ашылды.
Олжас Керейхан, тілші:
Тоқтаусыз 10 күн жаңбыр аралас жауған қардың қалыңдығы қазір 2-3 метр болады. Тазаланған жолдың екі жағы мұздан қаланған туннел тәріздес. Сондықтан оған кез-келген техниканың күрегі батпайды.
Төсқайың мен Шанағаты ауылының арасы 30 шақырым. Жолды ашуға қолда бар техниканы түгел жеккен.
Алмас Мұқаев, учаске басшысы:
Үш техника жұмыс істеп жатырмыз.Ауылдың ішін бір техника күреп жатыр.Бір техника Шанағаты ауылына кетіп бара жатыр. Біреуі Балықтыбұлақ ауылына қарай. Енді ақырын-ақырын жетеміз деп ойлаймыз. Ауылдағы кісілерге кішкене сабыр ету керек.
Бір айға жуық жолсыз отырған тұрғындардың енді сабыры таусыла бастаған. Өйткені ауылдың ішінен аяқ алып жүрудің өзі қиын.
Күлмесхан Байсақов, Төсқайың ауылының тұрғыны:
Қар жоқта келеді тракторлар. Қар жауды бір трактор келген жоқ. 15 күн жол жоқ болды. Мына Шанағаты мен Балықтыбұлаққа 1 ай болды. Жол жоқ.Ешкім күремейді.Тендер ойнап алған істемейді.
Тендерде ұтқан мекеме басшысы алғашқы қар жауғаннан күннен бастап техникадан түспегендерін айтады. Алайда екі ауылдың арасындағы қарды тазалауға ауыр техника да шыдас бермей жатыр.
Бауыржан Ихамбаев, «Марқакөл» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры:
Техникалар сынбай тұрмайды.Арасында сынық болып тұрады. Бір жағынан күннің қатты суықтығынан бүгін міне -45 градус болды. Оның өзі техникаларға ауыр тиіп тұр.
Ауыр тисе де қолда бар техникамен қимылдап жатыр. Ал “Шығыс жолға” қарасты техникалар облыстық маңыздағы бағыттарды қардан тазалап болса да, Шанағаты мен Балықтыбұлаққа бармағаны түсініксіз.
Бағлан Ұябаев, учаске басшысы:
Аудандық жолға Күршім ауданы бойынша коммуналдық мекеме бар ғой. Солар ашу керек. Ал біздікі облыстық маңыздағы жол ғой, көбінде. Соны күтіп-баптап қардан тазалау ғана бізде.
Марқакөл коммуналдық мекемесінде санаулы ғана техника бар. Көбі ескі. Сондықтан қатты қасат қарды күрей алмай жатыр.
Олжас Керейхан