Президент сумен қамту нысандарының құрылысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сумен қамту нысандарының құрылысымен танысты

25.01.2024

Президент Қасым-Жомар Тоқаев алматылықтарды суды үнемдеуге шақырды. Мемлекет басшысы бау-бақшаны суаруға, автокөліктерді жууға ауыз суды пайдалануға болмайтынын, ешқандай ел тіршілік нәрін бұлай ысырап етпейтінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елімізде су тапшылығы бар. Бізге жалпы мемлекеттік бағдарлама қажет. Бау-бақшаны суару үшін ауызсуды пайдалануға болмайды. Оның орнына су үнемдеу технологиясын қолданысқа енгізіп, жер астынан жаңа су көздерін іздеу қажет. Алматының тұрғындары ауызсудың тапшылығына жиі шағымданады. Сондықтан кешенді, жүйелі жұмыс жүргізілуі керек.

Президент Алматыдағы сумен қамту нысандарының құрылысымен танысты. Қазір шаһарда әрқайсысының сыйымдылығы 3 мың текше метр болатын таза ауызсу станциясының екі резервуары салынып жатыр. Кейін мұнда «Каптаж», «Бастау» тоғандарынан және «Медеу» сүзгі станциясынан келетін су жинақталып, Каменское плато, Көлсай, Юбилейный және Мұзтау ықшамаудандарының магистральды желілері арқылы таратылып, 20 мың тұрғын сумен қамтылмақ. Бұдан бөлек, Алматы қаласын сумен қамту желісінің қазіргі жай-күйі баяндалды.

Президенттің тапсырмасына сай, былтыр қалада 117 шақырым сумен қамту желісі салынып, 46 километр су құбыры жаңартылған. Биыл тағы 142 километр су құбырын тартып, 48 шақырым желіге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл желілердің тозу деңгейін 54 пайызға дейін төмендетуге септігін тигізеді.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу