Өзбекстанда өңдеуге жарайтын тұрмыстық қалдықтар үшін мемлекет тұрғындарға ақша төлейді. Ал қоқыс салуға арналған дорбалар тегін таратылады. Көрші елде қатты қалдықты өңдеу саласын дамыту мен қоршаған ортаға тигізер зиянын азайту бойынша жуырда ғана президент жарлығы шыққан болатын. Ташкент қаласы мен облыстың бірқатар ауданында тұрмыстық қалдықты бөлек жинау әдісі қолға алына бастады. Ол үшін халыққа арнайы QR-коды бар қалташалар тегін беріледі. Жұрт қоқысты тастамай тұрып сұрыптап алуы қажет. Түссіз қалташа қайта өңдеуге жарайтын қалдықтарға, қара түстісі өңдеуге жарамайтын қоқыс салуға, ал қоңыр қалташа тамақ қалдықтарына арналған.
Собур Машрапов, «Zero waste» компаниясының бөлім басшысы:
Зиянды қалдықтарды жою, жарамды қоқысты кәдеге асыру бойынша жан жақты шаралар іске асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде экологияны жақсартып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға оң әсер етеді. Ауаның ластануын болдырмайды.
Жаңашылдық Ангрен, Әндіжан, Бұхара мен Термезде де қолға алынбақ. Ал, санитарлық- тазалық компаниялары өңдеуге жарайтын қалдықты қоқыс жинайтын бекеттерден сатып алады. Қайта өңдеуге жататын заттар тізімінде қағаз, пластик, темір, шыны мен мата бар. Сұрыпталған қалдық тереңдетіп өңдеуге жіберіледі.
Шахриёр Нуруллоев, қоқыс полигондарын басқару бойынша компания басшысы:
Өзбекстан Орта Азия елдері бойынша тереңдетіп өңдеу ісінде өзгеше әдісті ұсынып отыр. Тұрмыстық қалдықты толық қайта өңдеу мен жарамсыз қалдықты өртеп жою ісін барлық қоқыс полигондарында кезең кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған.
Бұл қызмет сапасын арттырып, тұрғындарға жайлы өмір сыйлау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау мақсатында қолға алынған. «Қалдықсыз қала» принципін ұстанған елде халықты ынталандыратын тағы бір жаңашылдық бар. Кез келген азамат бей берекет шашылып жатқан қоқыс көрсе, видеоға немесе фотоға түсіріп, тиісті органға жібере алады. Ол үшін сыйақы төлеу жоспарланған.
Базаркүл Отыншиева