Қарағанды облысындағы Нұраталды ауылының тұрғындары жаңа өндірістің ашылуына қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысындағы Нұраталды ауылының тұрғындары жаңа өндірістің ашылуына қарсы

25.01.2024

Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Нұраталды ауылдық округінің тұрғындары жаңа өндіріс орнының ашылуына қарсы. «Егер елдімекен іргесінде бериллий тотығы өндірілетін болса қоршаған ортаға, денсаулыққа айтарлықтай зардабын тигізуі мүмкін»,-дейді тұрғындар. Ал жергілікті билік бұған дейін ауыл азаматтарымен жиын өткізіліп, барлығы келісімді түрде жүзеге асырылып жатқанын айтады. Ал экологтар не дейді? Толығырақ тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндасын.

Руслан Нұрланұл, тілші:

Нұраталды ауылынан 1 шақырым жердегі мына төбеде келешекте кен орыны ашылуы мүмкін. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша мұнда бериллийдің 10 жылға жетерлік қоры шоғырланған. Алайда тұрғындар оған қарсы. Себебі өндіріс ошағы ашылса экологияға айтарлықтай қауіп төндіреді деген пікірде.

Нұраталды ауылдық округінде 1500 тұрғын бар. Басым дені өндіріс ошағының ашылуына қарсы. Жұртшылық елді мекен маңындағы төбені қопарып, кен өндірілсе ауаға зиянды қалдықтар тарап, шаң-тозаң мен жерасты суының тартылуынан жайылым қурап қалады деп алаңдайды. Сондай-ақ, радиация денсаулыққа да зардабын тигізетіні сөзсіз,-дейді тұрғындар.

Еркебұлан Құрмашов, Нұраталды ауылдық округінің тұрғыны:

Мен өзім мысалы 15 жылдай карьерде істегем. Мен білем ол қандай болатынын. Кез-келгенінен болсын радиация болады. Ол кісілер айтады радиация жоқ деп. Бериллиоз, неше түрлі аурулар шығады. Газдар шығады, жарылыс жасайды, айына үш-төрт жарылыс жасайды мысалы үшін.

Батырхан Кәдірбеков, Нұраталды ауылдық округінің тұрғыны:

Бұлақтардың көздері, бағыттары ауысады, суға зар болып қалуымыз да мүмаін да бұл жерде. Мал шаруашылығына жайылым аз ауылда онсыз да. Нұраталдыдан бастап анау Шопаға дейінгі жерге дейін қазса әжептәуір жер кетіп қалайын деп тұр. Олар түк істей алмай кеткен. Ақырғы тыңдауда халық жиналмай, тек қарсы емес адамдар қалып қойған. Ал бірақ біз жаппай ауыл болып бұған қарсымыз.

Бұған дейін жергілікті билік пен компания өкілдері үш мәрте қоғамдық тыңдау өткізген. Сол кезде эколог мамандардың сараптамасы да таныстырылған.

Мақсат Жумкин, Шет ауданы әкімінің орынбасары:

Енді өздерінің класс опастности дегені бар. Бұлар 1 шақырым периметр дегенді сақтап отыр. Әрине жақын орналасқан үйлер бар. Оларға үй салып береміз, жағдайларын жасап береміз деген олардың уәделері бар бүгінгі күні. Содан ол азаматтар экологиялық сараптамасын, басқасының келісімімен жүгіріп жүр. Қоғамдық тыңдаулар өткізуде.

Бериллийді өңдіру кезінде химиялық қоспалар пайдаланылса қоршаған ортаға зиянды. Сол себепті кәсіпорынның қалдық жинайтын жабық орыны, заманауи қондырғылары болуы тиіс,-дейді мамандар. Жаңа экологиялық кодекске сай кез-келген өндіріс ошағы ашылмастан бұрін оның қолданатын технологиясы, қоршаған ортаға қауіпсіздік жобасы жіті тексеріліп, тиісі эмиссиялар міндетті түрде ескеріледі.

Дархан Исжанов, облыстық экология департаментінің басшысы:

Өнеркәсіп өз 2026-шы жылдан бастап жұмыс істемек. Қазір ешқандай әрекет жасалып жатқан жоқ. Жаңа эко кодекс талаптары өте қатал. Егер оны бұзатын болса бірінші айыппұл, екіншіден нұсқама беріледі. Ал егер нұсқама орындалмаса әрине үшінші кезекте кәсіпорын өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады.

Жаңа жобаның инвестициялық құны 4,3 миллиард теңгеден астам. Келешекте мұнда 180 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Инвестор ауылдың электр желілерін түгел жаңартып беруге, өзге де әлеуметтік көмектерді көрсетуге уәде берген. Дегенмен ауылдағы ағайын өндірістің зиянсыз болатынына күмәнмен қарайды. Жұртшылық басты байлық денсаулық екенін алға тартуда.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу