Астанада «Қазақстан-Башқұртстан» халықаралық форумы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Қазақстан-Башқұртстан» халықаралық форумы ашылды

24.01.2024

Астанада «Қазақстан-Башқұртстан» халықаралық форумы ашылды. Бұл шара екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстардың жаңа кезеңіне бастау болмақ.

Форумға ресми делегациядан бөлек, екі елдің іскер қоғамдастығының өкілдері қатысты. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бүгінгі шараның маңызына тоқталды. Ал Радий Хабиров Қазақстан Башқұртстанның басты әріптесі екенін алға тартып, арадағы байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ қазақстандық тарапты биыл Уфа қаласында өтетін XX мерейтойлық Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастық форумына қатысуға шақырды.

Айта кеткен жөн, екі ел арасындағы өзара сауда-саттық көлемі 2022 жылы 10 пайызға ұлғайып, 464 миллион долларға жеткен. Ал, 2023 жылдың соңында өсім көрсеткіші 5%-ға артты. Ағаш өңдеу, химия өнеркәсібі және машина жасау салаларында да өзара тиімді инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар алдағы уақытта башқұрт астанасы Уфадан Астана мен Алматыға тікелей әуе рейстерінің саны көбеймек. Форумда индустрияландыру, инновациялар ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері де қаузалды.


Хабарламаларға жазылу