Жер сілкінісі салдары: Алматыда жер үйлер қымбаттай ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жер сілкінісі салдары: Алматыда жер үйлер қымбаттай ма?

24.01.2024

Алматыдағы жер сілкінісінен кейін көпқабатты тұрғын үйден жер үйге көшкісі келетіндердің саны артқан. Сұраныс көбейген сайын баға да көтеріліп барады, дейді сарапшылар. Ал пәтердің сатылымы қандай? Бағасы түсті ме? Әріптесім Әйгерім Ердәулет айтсын.

Жер сілкінісінен кейін екі күннің ішінде жер үй мен саяжайдағы баспананы тәуліктеп жалдау 4 есе артқан. Бірақ бағасы сол қалпы. Мәселен, «Крыша.кз»-те 2 бөлмелі үйлер 10 мың, 3 бөлмелі үйлер 25 мың теңгеден. Ал кейбір тұрғындар дүмпуден кейін тіпті көшіп кеткісі келетіндерін айтып отыр. Бірақ қалалықтардың басым бөлігі әсем шаһардан алшақ кетуді мүлде ойламайды.

Соңғы күндері жер үйге сұраныс артып, оның бағасы 3-4 миллион теңгеге қымбаттады,- дейді риелторлар. Сондай-ақ, жер телімінің құны да 1 миллион теңгеге өскен. Ал пәтердің бағасы бір тиын да түспепті, тіпті жоғары қабаттағы үйлерін де ешкім арзанға сатқысы жоқ.

Жәрдем Ақбисенов, Қазақстан риелторлар қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі:

Пайыздық есеппен қарағанда 10 пайыздай сұраныс жер үйге болып тұры. 12-13 пайыздай сұраныс өзінің өзінің көп қабатты үйлерін сатып жер үйге ауысқысы келеді, 85 пайызымыз шүкіршілік етіп отыр енді. Барлығы жер үйді қарайды, сосын ипотекаға қарайды. Сосын этаждағы үйлерін сатып беруді сұрайды. Дәл қазір қалтасында ақша жоқ оның.

Қолда нақты қаражаты жоқтар тұрып жатқан пәтері сатылған соң, қаладан жер үй іздеуге көшеді. Сұраныс артқан сайын, баға тағы да көтеріледі, - дейді экономист Мақсат Халық. Сондай-ақ, ол пәтердің сапасына қарай бағаның да құбылатынын алға тартып отыр.

Мақсат Халық, экономист:

Жалпы ұзақ мерзімде Алматы қаласында тұрам, өмір сүрем дейтін азаматтардың талғамы көбінесе эконом класстағы салынған үйлер, жа қалай болса солай салынған үйлердің бағасының жалпы төмендеуіне немесе сондай тұрғын үйлерге сұраныстың төмендеуіне алып келеді деп айтуға негіз бар. Көпқабатты тұрғын үйлердің бағасы қатты болмаса да, белгілі бір дәрежеде төмендеуіне ықпал етеді деуге негіз бар.

Сарапшылар, енді алматылықтар жеңілдетілген ипотекамен үй алса да, таңдауға келгенде талғамы өзгеретінін айтып отыр. Ал ол кезде комфорт, бизнес санаттағы сейсмикалық қауіпке төзімді пәтерлердің бағасы қымбаттап шыға келеді дейді.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу