Қытайда лай көшкіні болып, 47 адам жоғалып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайда лай көшкіні болып, 47 адам жоғалып кетті

22.01.2024

Соңғы тәулікте әлемнің бірнеше елі түрлі табиғи апаттардан зардап шекті. Қытайда лай көшсе, Еуропаның кейбір елдерінде дауыл соғып, әуежайларда талай рейс доғарылды. Ал Құрама Штаттарда боран мен аяздан қаза тапқандар көбейген. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Қытайдың Юньнань провинциясында лай көшкіні жүріп, бірнеше ауылды батпақ басып, 47 адам жоғалып кетті. Сегіз тұрғын қаза тапқан. Қазір құтқару жұмыстары жүріп жатыр. 500-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Әзірге көшкінге не себеп болғаны белгісіз. Билік тексеру жүргізіп жатыр. Апат болған жер таулы аймақта орналасқан. Мұнда лай көшкіні жиі болып тұрады.

Ал Ирландияда ауа райының қолайсыздығына байланысты қызыл түсті ескерту жарияланды. Бұл елге «Иша» дауылы соққы беріп, нөсер жауын құйды. Осыған орай, Дублин әуежайында 148 ішкі және сыртқы рейс доғарылған.

Сұрапыл желден Ұлыбритания да зардап шекті. Оның астанасы Лондонның «Хитроу» әуежайына дауылдан кейбір ұшақтар қона алмай, кері қайтуға мәжбүр болды.

Ал АҚШ-та боран мен аяздан жан тәсілім еткендер 90-ға жақындап қалды. Олардың көпшілігі – Орегон мен Теннесси штаттарының тұрғындары. Сонымен қатар, Иллинойс, Пенсильвания, Миссиссипи, Вашингтон, Кентукки, Нью-Йорк штаттарында да бірталай адам өлген. Және де елдің айтарлықтай бөлігінде энергия жүйесі істен шығып, ондаған мың тұрғын жарықсыз отыр.

Хабарламаларға жазылу