Президент: Полиция халыққа үлгі өнеге болуы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Полиция халыққа үлгі өнеге болуы керек

22.01.2024

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаза қатаяды. Таяу арада заңға өзгеріс енгізілмек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында қылмыспен күресті күшейтуді тапсырды. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу қажет. Былтыр кәмелет жасына толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны 22 пайызға артқан. Осы ретте Президент полиция жұмысын сынға алды. Алдын алу жұмыстары тиімді жүргізіліп жатқан жоқ деді. Сондықтан жүйе түбегейлі жаңаратынын айтты. Ол қалай жүзеге аспақ? Президент полицейлерге тағы қандай ескерту жасады? Тілші материалында.

Қылмыспен күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау – полиция міндеті. Алқа отырысында министр атқарылған жұмыстарды тізбектеп шықты.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі: 

2023 жылы қылмыстар саны 15400-ге азайды. Оның ішінде кісі өлтіру, қарақшылық, тонау, бұзақылық, тұрмыста, көшеде мас күйінде жасаған қылмыс біршама азайды. 

Дегенмен, ауруды емдегеннен, алдын алған дұрыс. Бұл бағыттағы жұмыс ақсап тұр. Президент жүйелі жұмыс жоқ деп ішкі істер министрлігін сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондықтан жүйені түбегейлі жаңарту қажет. Осы ретте қауіпті топтарға жататын азаматтардың басым бөлігі назардан тыс қалып қояды. Ал кейбір алдын алу шаралары шектеу-мәжбүрлеуден әрі аспайды. Мұндай жұмыстар жергілікті жерлерде жүйесіз жүргізіліп жатыр. Нақты үйлестіру тетіктері жоқ. Құқық бұзушылықтың алдын алу саласында бірыңғай заң әзірлейтін уақыт жетті.

Заң мен тәртіп үстемдігі бұлжымас шарт. Ел ішіне іріткі салғандар қатаң жазалануы тиіс, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әсіресе, жас ұрпақ жасанды идеялар мен «жалған батырлардың» жетегіне ілесіп кетуі мүмкін. Әлеуметтік желіде жастарды заңсыз іс-әрекет жасауға шақыратын материалдар таралуда.Тіпті, заң бұзған адамдарды үлгі етіп көрсететіндер бар. Біздің азаматтарымыз кез келген заңсыздыққа қарсы болуы керек, яғни бізге заң бұзушылыққа төтеп беретін мықты иммунитет қажет. 

Соңғы кездері тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қоғамда қызу талқыланып жүр. Белсенділер петиция жариялап, жазаны қатайтуды сұраған. Осы қылмыспен күресті күшейту үшін арнайы бөлімдер ашылмақ. Ал жақын арада заңға өзгеріс енгізіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер жақын арада қабылданады. Ішкі істер министрлігі өз қызметкерлерін жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын ала дайындауы керек. Құқық қолдану тәжірибесіндегі бұған дейін болған барлық мәселені ескеру қажет. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өте өзекті мәселе.

Есірткі саудасымен күрес әрдайым күн тәртібінде. Полиция былтыр 12 ұйымдасқан қылмыстық топты ұстаған.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі: 

Есірткіні интернет арқылы сату қиындық туғызуда. Сол себепті біз арнайы қызметке айти мамандарды қабылдап жатырмыз. Қажетті программалар орнаттық.6,5 мыңнан аса сайт бұғатталды. Оның 2200 кибернадзор жүйесі арқылы.

Алайда есірткімен күресте ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ деді президент. Тәртіп сақшыларының батыл әрекеті көзге көрінбейді. Қасым-Жомарт Тоқаев науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеу дегенді тоқтату қажеттігін ескертті. Қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруге тиіс деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек.

Құқық қорғау органдарының қызметі халық арасында бүкіл мемлекеттік жүйе туралы түсінік қалыптастырады. Осы ретте биыл полициияның орта буындағы басшылық құрамы аттестациядан өтеді. Сынақтың әділ әрі ашық өтуі ерекше бақылауда болмақ. Басты мақсат жеке құрамды біліксіз басшылардан тазартып, кәсіби кадр резерві жасақтау, - деді Президент.

Хабарламаларға жазылу