Бурабайда мұз үстіндегі балықшылар қалашығы бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бурабайда мұз үстіндегі балықшылар қалашығы бар

20.01.2024

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында тыныс-тіршілігі бөлек балықшылар қалашығы бар. Ау салып, нәпақасын тауып отырғандар мұз үстінде жүзден астам шатыр тігіп қойған. Олар үш-төрт күн қатарынан қонып, балық аулайды. Балықшылардың қауырт жұмысымен әріптесім Ұмсындық Наурызбаева танысып қайтты.

Елуден асқан Алексей Романов өмірін осы салаға арнаған жан. Ол қай көлде қандай балық кездесетінін, оны аулау жолдарын бес саусағындай жатқа біледі. Бұл кәсіптің қыр-сырын атасынан үйренген. Енді білген-түйгенін өзінен кейінгі ұрпаққа аманаттап кетпек.

Алексей Романов, балықшы:

Қыста балық аулау өте қызық. Осылай мұз үстінде отырып, барлығын қадағалап отырамын. Мұнда балықтың түр-түрі кездеседі. Сондықтан, балықшылар да көп. Бұл іспен ондаған жылдар бойы айналыссам да, қармаққа олжа түскенде дәл бала кезімдегідей қуанамын.

Мұз үстінде тігілген шатырларда балықшыларға барлық жағдай жасалған. Іші жылы. Ауқанаттанып алатын да, жатып демалатын да арнайы орын бар. Оған қоса, ішінде отырып-ақ, қармақты көлге жіберуге болады.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Мұндай арнайы шатырлардың қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Ішінде барлығы газбен жабдықталған. Балықшылар мұнда үш-төрт күн қатарынан қонып, балық аулайды.

Балықшылардың жұмысы қауырт. Түні бойы көз ілмейді. Ең бастысы – қолдағы қармақты жібермеу. Әйтпесе, олжадан қағылады. Шыдамдылық пен қажырлықты талап ететін бұл кәсіпті бірі ермек етсе, қалғандары табыс көзіне айналдырып отыр.

Алексей Самаров, балықшы:

Осы Щучье көлінде балық аулап жүргеніме үш жыл болды. Бұл жердің табиғаты да, тыныс-тіршілігі де бөлек. Еш нәрсеге алаңдамай, тынымсыз еңбек етеміз. Бір күнде шамамен бес келіге жуық балық аулаймыз.

Тау үстінде арнайы бейнебақылау камералары орнатылған. Осылайша Ұлттық табиғи парктің қызметкерлері балықшылардың қауіпсіздігін әрдайым бақылап отырады. Бұл түрлі заңбұзушылықтардың да алдын алады, дейді мамандар.

Есімтай Құрманқұлов, орманшы-шебер:

Түнде де, күндіз де кезекшілік міндет атқарамыз. Екі адамнан, үш адамнан топ болып жүреміз осында. Шортан балығы мұнда кездеседі. Мысалы, қарабалық дейді. Лин, карп, рипус. Көбінесе рипус деген балықты аулайды.

Балықшылар қалашығы Шучье көлінің аумағында орналасқан. Мұнда кіру үшін арнайы жолдама алу қажет. Ал мұз үстінде шатыр тігем десеңіз, Ұлттық парктің аң аулау бөлімінде тіркеуден өту керек.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу