Түркияның тұңғыш ғарышкері көкке көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның тұңғыш ғарышкері көкке көтерілді

19.01.2024

Қазақстан уақытымен кеше түнгі сағат 03:49 да Түркияның тұңғыш ғарышкері көкке көтерілді. Төрт ғарышкер мінген зымыран тасығыш Американың Флорида штатындағы Кеннеди ғарыш айлағынан ұшты. Түркияның тұңғыш ғарышкері Альпер Гезеравжы ғарышта болатын 14 күн ішінде түрлі ғылыми және техникалық зерттеулер жасайды. Айдос Әшімұлы баяндайды.

Бұл тарихи сәтті тамашалау үшін түркиялықтар үлкен қалалардың орталық алаңдарында орнатылған экрандардың алдына жиналды. Ғарышкердің көкке көтерілу сәтін барлық жергілікті телеарналар да тікелей эфирде көрсетті. Ал Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған арнайы бейнеүндеу жариялады.

Режеп Тайып Ердоған Түркия Президенті:

Біз Түркияның жүз жылдығына тұңғыш рет ғарышқа адам жіберу миссиясымен қадам басып отырмыз. Ғылым тарихына бірегей үлес қосқан өркениеттің мұрагерлері ретінде біз тарихи миссиямызды әрі қарай жалғастыру үшін жаңа бастама жасадық. Болашаққа сеніммен қараған жастарымыз бен армандары әлемге сыймайтын балаларымызға шабыт сыйлайтын азаматымызды тұңғыш рет ғарышқа аттандырып отырмыз.
Түрік халқы бұл сәтті жылдар бойы күтті. Ғарышты бағындыруға бағытталған қадамдар кейінгі кезде ғана қолға алынып, үш жыл бұрын тұңғыш түрік ғарышкеріне жалпыхалықтық байқау жарияланды. Ғарышкер болуға ниет білдірген 30 мың адамның ішінен кәсіби әскери ұшқыш 44 жастағы Альпер Гезеравжы іріктеліп алынды.

Сыдыка Гезеравжы, ғарышкердің анасы:

5 жасында әжесіне аспанда ұшып бара жатқан ұшақты көрсетіп, мен осы ұшақтың жүргізушісі болам деп айтыпты. Бәріміз таң қалдық. Кішкентайынан бір орында отырмайтын, елгезек бала болды. Дәл кетерінде карантинде болғандығынан құшақтай алмадым. Аман есен келгенде ең алдымен бауырыма басып құшақтаймын.
Альпер Гезеравжы, Түркияның тұңғыш ғарышкері:

Түркияның ғарышқа адам жіберу миссиясын орындау үшін ғаышқа қадам басқан алғашқы түрік ретінде, бұл жауапты қызметті атамыз Ататүріктің мына сөздерімен бастағым келіп тұр. Мұстафа Кемал Ататүрік айтқандай: «болашақ көк аспанда».
Түркиялық ғарышкермен бірге Италия, Испания және Швецияның үш астронавты да ұшты. Ғарышкерлер мінген зымыран 36 сағаттан соң, яғни сенбі күні түстен кейін Халықаралық ғарыш станциясымен түйіседі.


Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу