Мемлекет Басшысы Рим папасы Францискпен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет Басшысы Рим папасы Францискпен кездесті

19.01.2024

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Рим папасы Францискпен кездесті. Италияға жасаған сапары аясында Мемлекет басшысы ресми сапармен Ватиканға да барды. Рим папасымен ушыққан геосаяси ахуалдан бастап, бейбітшілікке дейін сөз етті. Әрі тарихқа бай шағын мемлекеттің музейін аралап, Микеланджелоның шығармаларын тамашалады. Римнен тілшіміз толықтырады.

Ватикан. Әлемдегі ең шағын мемлекет. Шекара ұзындығы небары 3 шықырым. Ауданы 440 мың шаршы метр. Осында швейцариялық гвардияның құрмет қарауыла сап түзеп, қазақ басшысын қарсы алды.

Қасым-Жоморт Тоқаевты Папа сарайы Префектурасының регенті Леонардо Сапиенца күтіп алды. Кейін президент Рим Папасы Францискпен жолықты.

Кездесуде мемлекет басшысы Қазақстан мен Ватикан арасындағы достыққа, құрметке негізделген байланысты жоғары бағалайтынын айтты. Әрі әлемдегі текетірестер мен алауыздықты жоюға бағытталған күш жігері үшін Рим папасына ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде, қазіргі геосаяси тұрақсыздық бүкіл жаһандық қауіпсіздік архитектурасына нұқсан келтіруде, сондай-ақ халықтарды үлкен қайғы-қасіретке ұшыратып, экономикалық қиындықтар тудырып отыр. Қазақстан ізгілікті жақтайтын мемлекет ретінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға іс жүзінде елеулі үлес қосуда. Біз әлемнің түрлі қақтығыс ошақтарындағы БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына атсалысамыз.

Президенттің Рим папасымен кездесуінің себебі осы. Өйткені Ватиканның ұстанымы белгілі. Өзге діндермен мақсаты ортақ. Бейбітшілік, ынтымақ пен мейірім. Әлеуметтік теңдік. Зұлымдықпен күрес. Ал әлемде 1 миллиард 400 миллион католик барын ескерсек, Папа Францисктің батыс елдеріне, тіпті жер жаһанға ықпалы зор. Сондықтан байланыс орнату қай жағынан да тиімді болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз «бірлігіміз әралуандықта» қағидатына негізделген бейбітшілік пен ұлттық диалогтың өзімізге тән моделін қалыптастыра алдық. Елімізде түрлі діннің өкілдері өздерінің ғибадатханаларында құлшылық ете алады. Діни сенім бостандығы құқығын қорғау – менің саяси бағдарымның ажырамас бөлігі.

Бұдан соң Президент Қасиетті тақтың мемлекеттермен байланыс жөніндегі хатшысы Пол Ричард Галлахермен кездесті. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев Ватиканның қолдауының арқасында Қазақстан өткізіп жатқан Әлемдік діндер көшбасшыларының съездері діни қауымдар арасында өзара түсіністікті нығайтатын алаңға айналғанын айтты.

Президент тарихқа бай шағын мемлекеттің музейін де аралады. Әрі Микеланджело мен басқа да көрнекті шеберлердің өнер туындыларын тамашалап, Ватиканның бай тарихымен танысты. Бұдан кейін мемлекет басшысы БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мен Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының штаб-пәтерлеріне де барды. Екі жақты кездесулер өткізіп, азық-түлік қауіпсіздігі, логистика мәселелерін талқылады.

Досжан Маратұлы, тілші:

Осымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға жасаған ресми сапары тәмәм. Табысты келісімдер мен уағдаластықтар аз емес. Ендігі маңызды міндет соны жүзеге асыру.


Хабарламаларға жазылу