Қазақстан бітімгер әскерін Таяу Шығысқа жібереді. Парламент құжатты мақұлдады. 430 әскери Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталары және Оңтүстік Судандағы миссиясына қатыспақ. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айтуынша, 2014 жылдан бері 600-ден аса қазақстандық офицер мен сарбаз халықаралық ұйымның бітімгерлік шараларына қатысқан. Жіберілетін әскердің құрамында жаңадан армияға алынғандар болмайды. Тек толық дайындықтан өткен, келісім-шарт жасасқан кәсіби қызметкерлер алынады. Бұл алғашқы дербес контингент. Бұған дейін Қазақстан өзге елдер жасағының құрамында қызмет атқарды. Әскерилермен бірге қару-жарақ, техника бірге барады. Бітімгерлерді тасымалдау үшін Қазақстан бюджетінен 8 млн доллар жұмсалмақ.
Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:
Қазақстанға дербес бітімгерлік миссиясының берілуі біздің елдің әлемдік аренадағы беделін көрсетеді. Халықаралық комиссия келіп тексеріп, рұқсат берді. Олар дайындықты өте жоғары бағалады. Бітімгерлікке іріктелген әскерилер жоғары моральдық-іскерлік қасиеті бойынша таңдалды. Біздің әскерилер патрульге шығады, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын орындайды. Ерекше жағдайларда жауынгерлік күш пен құралдарды қолдануы мүмкін.
Шерхан Жамбылұлы