Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия президентімен келіссөз жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия президентімен келіссөз жүргізді

19.01.2024

Қазақстан мен Италия үкіметтері арасында маңызды жеті құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Римге ресми сапары кезінде қос ел түрлі сала бойынша ықпалдастықты арттыруға уағдаласты. Бұдан бөлек, президент Италияның ірі кәсіпкерлерімен кездесіп, оларды елімізге қаржы құюға шақырды. Тіпті инвестициялық дөңгелек үстелден кейін, бірнеше келісімге қол қойылды? Ол қандай құжаттар? Римнен тілшіміз айтсын.

Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға алғашқы ресми сапары. Алыстан келген әріптесін Италия президенті сарайының алдында сән салтанатпен қарсы алды. Қызыл кілем, қарауыл, атты әскер. Халықаралық протоколға сай, бұл үлкен құрметтің белгісі.

Қос елдің әнұраны шырқалып, тараптар бір-бірінің делегация мүшелерімен танысқан соң, президенттер келіссөздерге көшті. Талқыланған мәселе көп. Негізгісі сауда көлемін арттыру. Қазір ол 15 миллиард. Ендігі меже оны 20 миллиард долларға жеткізу. Бұдан бөлек, Орталық Азияның Еуропа Одағымен ынтымақтастығын дамыту, көлік және логистика саласындағы өзара тиімді байланысты арттыру жайы сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания бар. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет.

Мемлекет басшысы Сержо Маттарелланы Қазақстанға қарымта сапармен келуге де шақырды. Оны қабыл алған Италия президенті ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын айтты.

Сержо Маттарелла, Италия Республикасының Президенті:

Италия Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және қоғамдық реформаларға үлкен қызығушылық танытып отыр. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесі екіжақты экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстарға тың серпін береді деп ойлаймын.

Президент Италия премьер-министрімен кездесті

Бұдан соң мемлекет басшысы Италия республикасы министрлер кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен де кездесті. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық, мәдени-гуманитарлық, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жасыл энергетика және Астана мен Рим арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелерін талқылады. Кейін маңызды сегіз құжатқа қол қойылды. Оның ішінде ортақ инвестициялық қор құру, электростанция салу секілді бастамалар бар.

Президент италиялық инвесторларды Қазақстанға қаржы құюға шақырды

Италия елімізге инвестиция құю жағынан алдыңғы қатарлы ел. Бірақ әлеует бар. Көрсеткішті әле де арттыруға болады. Сондықтан президент Қазақстан-Италия инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысып, италиялық бизнесмендерді елімізге қаржы құюға шықырды. Президенттің айтуынша әлемде геосаяси ахуал ушығып жатқанымен, еліміз аймақтағы ең ірі және қарқында дамып жатқан ел. Бізде инвестициялық климат қолайлы, өндіріс орнын ашып, табыс табамын дегендерге барлық жағдай жасалған. Оның үстіне жеріміз қазба байлыққа бай.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Бүгінде біз Еуропа Одағына мүше елдердің экономикасына қажетті ең маңызды 34 шикізаттың 19 түрін өндіреміз. Қажетті инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болады.

Жиынға 30-ға жуық компания өкілі қатысты. Президент оларды энергетика, баламалы қуат көзі, ауыл шаруашылығы мен көлік логистика салаларына ерекше мән беруге шақырды. Бұдан соң, Түркістан облысында күкірт қышқылы зауытын салу, Алматыда Жылу электр орталығын реконструкциялау секілді төрт келісімге қол қойылды. Әрі президент алпауыт компания басшыларының бірнешеуімен екі жақты кездесу де өткізді.

Досжан Маратұлы, тілші:

Италиялық бизнесмендер де Қазақстанға қаржы құйып, бірлесе жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр. Өйткені бізде инвестициялық климаттың өте қолайлы екенін өте жақсы екенін біледі. Ал президенттің сапары әлі жалғасады. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Рим папасы Францискпен кездеседі деп жоспарланған.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу