Қазіргі кезде сапалы контент пен сериалдардың мазмұны қоғам үшін аса маңызды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бүгін Алматыда «Qazaqstan» және «Хабар» телеарналарына телехикая түсіретін продакшн компаниялардың өкілдерімен кездесуінде айтты.
Жиынға сериал өндіретін 13 компанияның продюсерлері мен режиссерлері қатысты.
Мемлекеттік кеңесші отандық нарықта сериал индустриясы жаңа қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар тәжірибелі продакшндар көбейді. Үлкен аудитория жинайтын сапалы өнімдер артқан.
«Сериал өнімдерінің қоғамға ықпалы, әсіресе, отбасындағы қарым-қатынас, адамдар арасындағы өзара құрмет, жастарды білімге, еңбекке баулу сияқты ізгі құндылықтар қалыптастырудағы рөлі зор. Қоғамның әрбір мүшесіне осы қажетті құндылықтарды сіңіру, қалыптастыру – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз», - деді Мемлекеттік кеңесші.
Креативті индустрияға мемлекет тарапынан қолдау ретінде биыл салық жеңілдігі бекітілген болатын. Мемлекеттік кеңесші телесериалдар мен кино саласының дамуына қолдау көрсету болашақта да жалғаса беретінін жеткізді. Продакшн компания өкілдері бұл бағытта қалыптасқан тәжірибелерін айтып, кинопрокат және шетел нарығына шығу бағыты бойынша мәселелерді көтерді.