Қостанай облысының шекарадағы ауылдары әлі күнге дейін Ресей интернетіне тәуелділіктен құтыла алмай отыр. Өйткені қазақстандық байланыстың жылдамдығы өте баяу. Облыста барлығы 160 елді мекенде интернет байланысы нашар. Шекара түбіндегі Қарабалық ауданына қарасты Боскөл ауылының ұстаздары үшін қашықтан сабақ өткізу өте қиын. Мұндай жағдай табиғаты қатал солтүстікте жиі болады. Ауылда ғаламтор желісі бар. Отандық екі оператор өз мұнарасын орнатқан. Бірақ олардың қуаты бүкіл ауылды қамтуға жетпейді.
Ақжарқын Қауысова, Боскөл жалпы білім беру мектебі директорының орынбасары:
Телефон байланысы звондау үшін біз терезенің алдында отырамыз. Байланыс аулаймыз. Бірақ естілмейді. Немесе 3 километр вокзалда вышкасы тұр, Белайн вышкасы соған барып, интернетке қосыламыз.
Ауыл жұртының жартысы Ресейдің байланыс желісін пайдаланады. Ал аудандық әкімдік өкілдері биыл отандық интернеттің сапасын жақсартамыз деп отыр. Жаз шыға Ворошилов және Гурьянов елді мекендерінде антенналық қондырғының құрылысы басталмақ. Биыл облыс бойынша 50 елді мекенде антенналық қондырғы және базалық станция салу жоспарланған.
Марал Ыбырай, Қарабалық аудандық әкімдігінің өкілі:
Бұл қондырғы бүтін бір округты қамтиды. Яғни Боскөл ауылдық окугын толық сапалы интернетпен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ жақын орналасқан Қарабалықтың да байланыс жүйесі жақсарады. Ал болашақта шалғайдағы елді мекендерге талшықты-оптикалық желі тарту жоспарымызда бар.
Дауренбек Әбдібек