Қарағанды облысында кәсіпкерлерге заңсыз бұйрық берген полицей қызметінен қуылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында кәсіпкерлерге заңсыз бұйрық берген полицей қызметінен қуылды

18.01.2024

Қарағанды облысында кәсіпкерлерге заңсыз бұйрық берген полицей қызметінен қуылды. Былтыр Жаңа жыл қарсаңында Приозерск қалалық Полция бөлімінің бастығы жергілікті мейрамханалар мен дәмханалардың иелеріне қоңырау шалып, түнгі сағат 23:00-ге дейін ғана жұмыс істеуді бұйырған. Бұл талап орындалмаса шұғыл тексеріп, кәсіптеріне кедергі келтіретінін ескерткен. Ол кезде бизнес субъектілерін тексеруге енгізілген мораторий күшінде болған. Сондықтан кәсіпкерлер полиция қызметкерінің бұл әрекеті заңсыз екенін айтып, шағымданған. Бұл мәселені біздің арнаның тілшілері де көтеріп, тиісті органдарға хабарлады.

Соның негізінде Қарағанды облысының Полиция басқармасы қызметтік тергеу жүргізіп, Приозерск қалалық полиция бөлімінің бастығын қызметінен босатты. Тағы екі қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Рустам Жүрсінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл:

Сіздердің арқаларыңызда бұл мәселе көпшіліктің назарына ілікті. Оған қоса, кәсіпкерлерден шағым түсті. Біз дереу ІІМ мен Қарағанды облысының прокуратурасына жүгіндік. Тергеу жүргізіліп, заң бұзғандарға тиісті шара қолданылды. Биылдан бастап бизнес субъектілеріне жарияланған мораторий аяқталды. Дегенмен, кәсіпкерлерге айтарымыз, ешқандай мемлекеттік орган себепсіз тексеріс жүргізе алмайды. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу