Биыл Қазақстанның кәсіби сурет өнерінің шебері, дарынды суретші Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толды. Қылқалам шеберінің қолтаңбасы бар үш мыңнан астам түрлі жанрдағы картина қалды. Қазір олар қазақ көркемсурет өнерінің баға жетпес қазынасына айналған. Алматыда халық суретшісінің «Ғасыр мұрасы» атты көрмесі ұйымдастырылды.
Қуан Нұрақын, Тілші:
1857 Суретшінің 300-ден аса туындысы қойылған көрмеде белгілі Абай Құнанбайұлының, Жамбыл Жабаевтың портреттерін байқауға болады. Сондай-ақ, Әбілхан Қастеевтің даңқын асқақтатқан «Түрксіб» картинасы да осында. Бұл картина дүниеге келгенде Әбілхан Қастеев кемеліне келген, елге аты шыққан суретші еді. Сондықтан бұл туындыны толағай талант иесінің жемісті де шығармашылық жолының қорытындысы деседі.
Дәурен Қастеев - Әбілхан Қастеевтің немересі. Кенже ұлы Нұрхаттан тараған. Дәурен де ата жолын жалғастырып, суретшілікті кәсіп етіп жүр. Лондон, Пекин, Мадрид сияқты ірі қалаларда бірнеше жеке көрмесін ұйымдастырған. Оның сөзінше, атасының әр туындысы шынайылығымен ерекше.
Дәурен Қастеев, Әбілхан Қастеевтің немересі:
Әбілхан Қастеевтің туындылары жылылыққа толы. Әр шығармасы табиғаттан нәр алған. Елге деген сүйіспеншілігі көрініп тұрады. Сондықтан болар, оның әр картинасы көрерменнің жүрегіне жетеді. Мен оның әр шығармасымен мақтана аламын.
Суретші картиналарының дені қазақтың дархан даласын, сұлу табиғатын паш етеді. Әбілхан Қастеев шығармашылығының негізгі ерекшелігі - табиғатты дәлдікпен көрсете білу. Әсіресе, пейзажда ауқымды кеңістікті қамтуы қылқаламы мен қиялының жүйріктігін аңғартады, - дейді өнертанушылар.
Еркін Нұразхан, Әбілхан Қастеев музей-үйінің жетекшісі:
Азамат соғысы, Ұлт-азаттық қозғалыс, одан кейін революция келді. Аласапыран уақытта жастай әкеден жетім қалған бала. Сол қиыншылықтарды көріп жүріп, жетіспеушілікке қарамай суретке деген, өнерге деген өзінің өмірлік жолын тауып, соның жолында еңбектеніп, осындай дәрежеге жетті.
Бейнелеу өнерінің майталманы 1100-ден астам туындының авторы. Атақты суретшінің ең танымал жұмыстары қазір Алматы қаласындағы Мемлекеттік Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде сақталған.
Қуан Нұрақын