Майқайың шұңқырына автобуспен бірге құлап кеткен екі адам тірі болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Майқайың шұңқырына автобуспен бірге құлап кеткен екі адам тірі болуы мүмкін

17.01.2024

Майқайың шұңқырындағы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Шыңырау табанына түсірілген шағын экскаватор шөмішті байыппен салып, жер астынан шыққан әр деталь мұқият тексеріліп жатыр. Себебі автобуста болған екі адам әлі табылған жоқ. Жағдайды жеке бақылауына алған төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі, адамдар тірі болуы мүмкін дейді. Рас, үміт үзілген жоқ. Бүкіл ел тұрғындары азаматтардың аман табылуына тілектес.

Бауыржан Сыздықов, ҚР ТЖ министрінің орынбасары:

Ондағы жағдай білесіздер өте күрделі. Өйткені, сол аумақты сканерлеген кезде қомақты көлемде темір бар екені көрінді. Әрине бұл автобус деп болжап отырмыз. Ал, оның астында бос кеңістік бар екені байқалады. Яғни, құмның құлау ықтималдығы бар. Сондықтан құтқарушыларға өте қиын соғып тұр. 
Тағы бір тың жаңалық кинологиялық қызмет тарапынан із кесуге жіберілген иісшіл ит бүгін тағы қазу жұмыстары жүріп жатқан жерден белгі берді. Ал дәл қазір бізге автобус жатқан жерді қазу уақытша тоқтатылды деген ақпарат келді. Құтқарушылардың қауіпсіздігі үшін осындай шешім қабылданған. Таң атысымен іздеу жұмыстары қайта жалғасады.

Хабарламаларға жазылу