Өзбекстан ғалымдары жеуге болатын вакцина жасап шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстан ғалымдары жеуге болатын вакцина жасап шығарды

16.01.2024

Өзбекстандық ғалымдар COVID-19 ға қарсы жаңа вакцина ойлап тапты. TOMAVAC деп аталатын өнім кәдуілгі қызанақ түрінде шығарылған. Яғни, оны жеу арқылы адам бойында ауруға қарсы иммунитет қалыптасады.

Ерекше вакцинаны Өзбекстан Ғылым академиясының геномика және биоинформатика орталығы шығарған. Коронавирустың S1 антиген ақуызын кодтайтын фрагмент арнайы векторларға орналастырылып, қызанақ жасушасының геномына енгізілді. Осылайша, антиген белогын үздіксіз өндіріп отыратын қызанақ алынды.

TOMAVAC адамзат тарихындағы жеуге болатын алғашқы вакцина ретінде таныстырылды. Оған қатысты зерттеулер нәтижесі шетелдің «Frontiers in Nutritional Immunology» ғылыми журналында жарияланған.

Забардаст Буриев, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы геномика және биоинформатика орталығының директоры:

TOMAVAC вакцинасын сынақ ретінде алдымен тышқандарға бердік. Мұнан соң еріктілерге де өнімді жеп көру ұсынылды. Тиісті қан талдауларын жасағанда ішекте бейтараптандырушы антиденелер түзілгенін көрдік. Иммуноглобулиннің көтерілгені байқалды. Алғашқы сынақ сәтті өтті, ешқандай ауыр жанама әсері сезілмеді.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу