Елімізде былтыр прокатқа шыққан 74 отандық киноның 56-сы комедия - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде былтыр прокатқа шыққан 74 отандық киноның 56-сы комедия

14.01.2024

Жаңа жылда прокатқа отандық «Дәстүр» деген фильм шыққан. Резонанс туғызды. 

«Діни фанатиктер, дінді көрінген жерге тықпалауды қойыңдар! Мейлі, ол Ислам ба, христиан ба, бәрібір. Қазақтың қаншама қызы еркектің қолынан қансырап өліп жатқанын хайпқа айналдырып, өтірік соны өзекті тақырып етіп көтерген болып, соңына жын-шайтандарыңды тықпалағанды қойыңдар! Еркек әйелді зорлады ма, еркек әйелді өлтірді ме, ұрды ма, соқты ма, оған жын кінәлі емес, өзі кінәлі»- деп жазды фейсбукте Роза Әрен есімді замандас. Енді Есбол Нұрахмет есімді басқа замандастың жазбасынан үзінді келтірейін:

«Керемет фильм демеймін, бірақ хорор деген жанрға толық жауап бере алатын фильм болыпты. Ең әуелі оны ол жай хорор деп қараңыздаршы, сосын діни түсінікті осы жанрдың құралы қылды, болды. Сонда сіз нақты талқылайтын шынайы мәселе жарық етіп ортаға шыға келеді. Ол адам хақы, әйел тағдыры және жемқорлық болып шығады».

Хоррор деген қорқыта отырып, жиіркеніш сезімін туғызу үшін қолданатын жанр. Осындай пікірталас. Бұл жақсы. Себебі ішіп-жемнің әңгімесі емес. Былтыр прокатқа отандық 74 фильм шыққан, оның 56-ы комедия. Комедияның көп түсірілуіне наразылар бар. Бірақ тыйым салуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Негізі тыйым дегенге абай болу керек. Әсіресе адамның ой-қиялымен шектесетін творчестволық материалдарға байланысты. Мейлі ол, арзанқол комедия болсын. Ресейде ойы, қиялы үшін режиссер Евгения Беркович пен драматург Светлана Петрийчук былтырғы мамыр айынан бері уақытша қамау изоляторында отыр. Бұл сұмдық жағдай. 

Иә,таразының бір басында бизнес, екінші басында «мәртебелі өнер», қойшы, пікірталас қызып барады. Дегенмен пайдалы талас. «Оттыөзенге» түсіп кетпесек болды. Сондай кино бар еді ғой, дәлірегі бір эпопеяның бір сериясы. Тағы бір пікір Ерлан Оспан есімді азамат коммерциялық фильмдерге «кино» деп айдар тақпау туралы ұсынады. Мысалы, вайнскетч, вайнлента, скетчролик, скетчлента деген сияқты. Елдос Есенболдың материалы. 

Былтыр прокатқа отандық 74 кино шыққан. 56-сы комедия. Таразының бір басында бизнес, екінші басында «мәртебелі өнер», қойшы, пікірталас қызып барады. Бұл пайдалы талас. Әлгі киноэпопеядағы «Отты өзенге» түсіп кетпесек болды... 

Елдос Есенбол, тілші:

Әлемдік кино тарихында «Пойыздың Ла-Сьота вокзалына» келуі туындысы алғашқы фильм ретінде мойындалады. Авторы ағайынды Люмерлер. 48 секундтық кино сол кездегі көрерменді таңғалдырған. Тіпті адамдар шын пойыз келді деп шошып орнынан тұрып кеткен. 1,5 ғасырға жуық уақыт ішінде кино өнері қарыштап дамыды. Алқазақ киносы бүгінге дейін қалай шыңдалды?

- 10:21 Кино деген ол күш!

- 00:49 Қазақстанда киноиндустрия деген сала қалыптасты.

- 00:55 Он жыл бұрын кинотеатрларда қазақ киносы көбейсе екен деп армандап жүретінбіз...

Қазақ киносы десе еске Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібегі», Қарсақбаевтың «Менің атым Қожасы» түседі.Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де бұл фильмдердің көрермен есінде жаңғырып тұруына не себеп?

Мұрат Есжан, кинорежиссер:

Біз қателесеміз. Бұл советтік өнім емес. Сұлтан Қожықовтың әкесі Қоңырқожа Қожықов Түркістан өңіріндегі белгілі оқыған адам болған. Ол Міржақыптармен дос болған. Сонда Сұлтан Қожықовтардың тамыры анау арғы кезеңде жатыр. Біздің санамыз отарланбаған кезеңде жатыр.

Иә, кеңес кезеңінде осындай туындылар дүниеге келді. Қазақстанның тәуелсіз болғанына биыл 33 жыл. Қазір көрермен не көріп жүр? Кинотеатр сеткасына үңіліп көрдік. Бір күнде 24 фильм көрсетіледі. Оның алтауы қазақстандық. Былтыр кинопрокатқа 400-ден астам фильм шықса, оның 74-і қазақ киносы.

Ермек Тұрсынов, жазушы, кинорежиссер:

Кейбіреулер айтады, саны бола берсін, саны болғаннан кейін сапасы болады деп. Мен оған келісе алмаймын өйткені ол сан сан деп қала береді. Көрерменді ол ештеңеге үйретпейді. Пайдалы дүние ала алмайды ондай кинолардан.

Аға буын режиссермынаған өкпелі. Әлгі назарға ұсынылған 74 киноның 56-сы комедия. Кассалық табыстан да рекорд жаңартып жатқан солар. Мысалы «Таптым-ау сені» деп аталатын комедия 2023-тің ең табысты фильмі. Жылды 1,5 миллард теңге кассамен түйіндепті.

Сламбек Тәуекел, кинорежиссер, сценарист:

Комедия деген жанр жалпы әлемдік кинода ең қиын жанр. Адамды күлдіру деген оңай нәрсе емес. Бірақ, ол күлкінің маңызы комедияның ішіндегі күлкі емес қой. Ол тек әлгі күлкі арсыз дей ме... Арсыз күлкілер ғой олар. Комедия басқа күлкі.

Талғат Тайшанов, кинооператор, режиссер:

Кино дегеніңіз бір жағынан өнер. Екінші жағынан коммерция дейміз. Үшінші жағынан тәрбие.

Ержан Жұмабеков, кинотанушы:

Киномотография өзінің пайда болғанынан бастап бұл бірінші кезекте бизнес құралы болған.Голливуд киномотографиясы бұл алғашқы жылдарынан бастап ақша табу көзіне айналған. Кино әрқашанда бірінші кезекте бизнес болып табылады.

Осы тұста ««Қазір кино тек бизнес құралына айналды» деген сын қаншалықты орынды?» деген сұрақ туады. Көрермен пікірі әралуан. Мысалы журналист Роза Әрен: «Өз басым айтары бар киноның көрерменімін» дейді.

Роза Әрен, журналист:

Бірақ көрермен ретінде мені алаңдататыны ол осындай фильмдерді көре-көре қарапайым көрермен ойлы киноны көруді ұмытып қалмай ма деген алаңдаушылық бар. Көбіне арзан әзіл-қалжыңға құрылған сондай бір құрғақ диалогтар. Сосын кәсіби емес әртістер ойнағандықтан болуы мүмкін. Кішкене маған ақсап жатқандай көрінеді.

Талғат Тайшанов, кинооператор, режиссер:

Адам үйіне келеді. Проблемасы бар, кредиті бар. Ана жақта жұмысында проблемасы бар. Одан кейін кинотеатрға келіп тек қана бір жеңіл фильмдер көргісі келеді.

Көрермен көңілінен шыққан басқа жанрдағы фильмдер де бар. Соның бірі «Міржақып. Оян Қазақ». Үлкен де, кіші де үздігіп көрді. Картинаның ыстық ықыласқа ие болуы себебін режиссердан сұрап көрдік...

Мұрат Есжан, кинорежиссер:

Бұл тек қана қоғамға керек тақырып болғаннан кейін өтімді болды дегенге кішкене де болса ішкі қарсылығым бар. Бұл жерде соны жасаған жасаушы топтың да үлесі бар шығар. Бұл сарафонное радио дейді ғой. Домино эффектісімен бір адамнан бір адам естіп шынайы эмоциясы арқылы. Оның үстіне эмоцияны тарататын құрал бар ол әлеуметтік желі.

Айтпақшы, «Міржақып. Оян Қазақ» мемлекет қаржысына түсірілген 7 фильмнің біреуі. Көрерменге жеткені осы «Оян Қазақ» десек артық айтпағанымыз шығар. Сонда қазына қаражатына түсірілген туындылар неге тасада қалып жатыр?

Талғат Тайшанов, кинооператор, режиссер:

Бір тойда охранасымен шығып кетіп мысалы.Дариға Бадықова, Дариға Бадықова, Қоянбаев, Қоянбаев. Болмаса басқалары шығып жатыр. Сол себепті біздің киномотографистердің өзінде де үйрену керек. Мына нарық заманында фильмді ары қарай жарнама ретінде, насихат ретінде біраз жұмыс жүргізу керек.

Жарнамадан бөлек техника құны, локация, гонорар тағысын тағы көзге көрінбейтін шығындар... Осы тұста кино- ең шығыны көп өнер түрі екенін де айта кеткен жөн шығар. Бірақ, тәуекелі мен табысы бірдей. Себебі кино дегеніміз қазір жиі айтылатын креативті индустрияның бір түрі дейді режиссерлар.

Ерлан Нұрмұхамедов, кинорежиссер:

Южная Корея дейміз... Отыз-қырық жылдың ішінде киносы қатты дамып келді. Кореяның әлемде бүкіл киноларын, сериалдарын сол Американың өзі көретін болған. Кореяның актерларымен, өзінің драматургиясы тілін тауып... Міне бұл креатив индустрияның бір түрі. Вот Корея 30-40 жылдың ішінде соны дамытып алды.

Сол Оңтүстік Кореялық «Паразиттер» деп аталатын фильм бар. «Оскарды» да, «Алтын Глобус» сыйлығын да алды. Екі-үш локацияда, он шақты актердің қатысуымен түсірілген кино. Сөйте тұра бюджеті 11 миллион доллар. Ал, Қазақстан тарихындағы ең ауқымды фильм «Томиристің» бюджеті одан екі есе аз.

Ержан Жұмабеков, кинотанушы:

Біз Голлливудтық форматта, Голливудтық мәнерде түсірілген фильмдер арқылы біз шын мәнісінде әлемді таңғалдыра алмаймыз. Біз өзіміздің өзіміздің менталитетті, өзіміздің киноматографияның табиғатын көрсететін фильмдер арқылы әлемге өзімізді көрсете аламыз.

Мұрат Есжан, кинорежиссер:

Қырғыздың Актан Арым Кубат деген режиссері айтады: “Өз елің көретін кино түсір” дейді. Басқасына уайымдама дейді. Менің әзірге пікірім осындай.

1999 жылғы «Fight Club» яғни «Жекпе-жек клубы» фильмі өз-өзін қаржылық жағынан ақтамайды. Кассалық табысы мардымсыз болады. Дегенмен қазір әлемдік киносыншылар арасында бұл кино өте жоғары бағаға ие. Демек, түйін: Қандай фильм тамашалаймын десе де көрерменнің өз еркі. Ал, ол өнер туындысы ма, әлде коммерциялық жоба ма? Анығы- «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды». Тек кино түсіретіндердің бәрінде «алмас қылыш» ұстайтындай жүрек жоқ.

Елдос Есенбол


апта

Хабарламаларға жазылу