АҚШ-тың экс-президенті Доналд Трампқа қаржылық алаяқтық жасағаны үшін 370 миллион доллар айыппұл салынуы мүмкін. Нью-Иорктің бас прокуроры осындай шара қолдануды сұрап отыр. Трампқа қарсы сот процесінің соңғы қорытынды отырысы өтті. Ол кінәлі деп танылса, банкротқа ұшырап қана қоймай, қылмыстық жаза да арқалауы мүмкін.
АҚШ-тың бұрынғы президентіне қатысты сот процесі төрт ай бұрын басталған еді. Бүгін Нью-Йоркте өткен соңғы тыңдауға Дональд Трамп арнайы келді. Қаланың бас прокуратурасы оны жылдар бойы жылжымайтын мүлік саласында жалған мәлімет беру арқылы көптеген адамдары, сақтандыру компаниялары мен банктерді алдады деген айып таққан. Нақты айтқанда, Трамп пен оның үш баласы отбасылық компаниясына тиесілі мүліктерінің құнын $3,6 млрд-қа асыра көрсету арқылы бактерден арзан несиеге қол жеткізген. Сондықтан Бас прокурор Летиция Джеймс соттан Трамп пен оның балаларына Нью-Йоркте жаңадан компания ашуға және бес жыл бойы коммерциялық жылжымайтын мүлікті сатып алуға тыйым салуды, сондай-ақ $370 млн айыппұл салуды сұрады.
Летиция Джеймс, Нью-Йорктың бас прокуроры:
Дональд Трамп заңды бұзды. Біз Дональд Трамп пен оның отбасын байытқан алаяқтық әрекеттері туралы дәлелдер келтірдік. Ұстаным қарапайым. Сіз қаншалықты ықпалды, қаншалықты бай болсаңыз да заңнан жоғары емессіз, заң баршамызға ортақ. Сондықтан әділдік орнайтынына күмәнім жоқ.
Судья Трампқа сот процесінде сөйлеуге тыйым салған. Себебі, әдетте оның сынынан соң жақтастары тарапынан судья мен прокуратура өкілдерін қорқытып-үркіту әрекеттері көбейіп кетеді. Десе де, бұл шектеуді елемеген экс-президент соңғы тыңдауда сөз сөйледі. Заңнан аттап баспадым деп мәлімдеген Трамп өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Демократтар ақ үйге қайта келуіне бөгет жасау үшін қылмыстық қудалауға түсіріп жатыр деп айыптады.
Дональд Трамп, АҚШ-тың бұрынғы президенті:
Бізге қарсы бірде бір куәгері жоқ. Банктерге ақшалары түгел төленді. Сондықтан сот ісін маған қарысы жасалып жатқан алаяқтық дер едім. Олар менің қайтадан жеңіске жеткенімді қаламайды, бұл ішінара сайлау процесіне араласу.
Биыл күзде өтетін президент сайлауына түсуге қамданып жатқан Трамп республикалықтардың негізгі үміткері. Бірақ, басы даудан арылмаған экс-президенттің үстінен қазіргі таңда бірнеше сот процесі жүріп жатыр. Ұзын саны төрт қылмыстық іс қозғалып, 91 айып тағылған. Барлығын қосқанда 700 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Жалғас Сәдібекұлы