Түркістандық отбасы екі жылда 150-дей киіз үй жасаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық отбасы екі жылда 150-дей киіз үй жасаған

12.01.2024

Түркістан облысында киіз үй жасауды кәсіп етіп, ата дәстүрді дәріптеп жүрген отбасы бар. Келес ауданының тұрғыны Қарабай Құрбанбаев екі жылда 150-дей киіз үй жасаған. Ұлттық бұйымды көбіне қойшылар мен диқандар алады, - дейді. Соңғы уақытта өзге қалалардан да тапсырыс түсе бастапты. 

Бесқұбыр ауылының тұрғыны Қарабай Құрбанбаев киіз үй жасаумен екі жылдан бері айналысады. Айтуынша, әкесі ертоқым шауып, сандық жасаған шебер болған. Енді өзі де ата кәсіпке бет бұрған. Қазір шағын шеберханада үлкен ұлы мен 5 адам жұмыс істейді. Бастапқыда қол үйренгенше қиындықтар болғанын да жасырмайды.

Қарабай Құрбанбаев, ұста:

Қиын болды біраз. Размерін білмейміз. Керегені қалай айқастырамыз, соның бәрін, бірде қисық, бірде тура болды. Қазір енді жақсы қазір. Өскеменге 20 киіз үй заказ беріпті. Соған енді тырысып, ағаш іздеп жүрміз.

Ұста киіз үйді қарағаш пен көк талдан жасайды. Ағашты ауылдарды аралап жүріп тұрғындардан сатып алады. Әрбір үйде өсіп тұрған ағашты бағасына келісіп, кеседі. Сосын өзі қолдан жасаған құрылғылардың көмегімен шыбықтарды иеді. Әрі пештің ішіне салып, бумен әбден қыздырады.

Қазір кәсіпкер киіз үйдің тек сүйегін ғана жасайды. Енді «ауыл аманаты» жобасының 6-шы бағыты бойынша 2,5 пайыздық несие алып, барлық керек-жарағымен дайын күйінде сатуды жоспарлап отыр. Оны келіншегі іске асырмақ. Сөйтіп отбасылық кәсіпті дамытып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттамақ ниетте.

Мөлдір Бегалықызы, Бесқұбыр ауылының тұрғыны:

Ауылдағы қыз-келіншектерді қолөнері бар жинап, шағын цех ашып, осының жасауын, ішкі, сыртқы дүниесін шығаратын жоспарымда бар. Қазірше біз тек сүйегін ғана шығарып жатырмыз.

Жалпы Түркістан өңірінде киіз үй жасайтын бірнеше шебер бар. Олардың кейбірі биыл «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көрді. Жеңілдетілген несиеге құрал-жабдықтарын жаңалап, кәсібін дөңгелетіп отыр.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу