Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтаға өндірісті қалпына келтіруге уақытша тыйым салынды. Қайғылы оқиға қайталанбас үшін, оған себеп болуы мүмкін факторлар жойылмайынша жұмыс қайта жанданбайды. «Qarmet» компаниясының басшылығы мен сарапшы мамандар кеніштегі жағдаймен танысу үшін апат орнына жақын жерге, 600 метр тереңдікке түсті. Шахта директоры Андрей Бойко жүргізілген тексерулердің нәтижелері, оқиғаның себеп-салдарын жою және көмір өндіруді қалпына келтіру туралы жоспармен таныстырды. Барлық кемшіліктер жойылмайынша ешқандай жұмыс басталмайтыны жөнінде шешім қабылданған. Еске салсақ, 2023 жылдың 28-і қарашасында Костенко атындағы шахтада метан жарылып, апаттан 46 адам қаза тапты.
Талғат Темірханов, «Qarmet» компаниясының ресми өкілі:
Апатты жағдайдың дәлме-дәл болған жеріне дейін барып Костенко шахтасының қазіргі басшылығымен жиналыс өткізген болатын. Сол жиналыстың нәтижесінде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталмауынша және қауіпсіздік деңгейі ретке келмеуінше кен орнының жұмысы басталмайды деген шешім қабылданған болатын.