«Біз аш емеспіз»: Депутат тегін тамаққа ұмтылатындарды сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Біз аш емеспіз»: Депутат тегін тамаққа ұмтылатындарды сынға алды

11.01.2024

Біз аш емеспіз. Бүгін сенатор Нұртөре Жүсіп тегін тамаққа таласатындарды сынға алып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Жастар тәрбиесі мен халықтың мәдени деңгейін арттырудың маңыздылығы туралы айтты.

«Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп жағамызды ұстаған едік. Дәл Жаңа жылдың алдында шоколад шыршасын бір минутта тайпап кеткендерді де көрдік. Осы видеолар халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Бұл біздің ұлт ретіндегі абыройымызға үлкен нұқсан келтіреді. Таным түсінікті кеңейтуге бағытталған бағдарламалардың нәтиже бермегенін де осыдан көруге болады», - деді сенатор Нұртөре Жүсіп қазақстандықтардың мәдени деңгейін көтеретін, ұлттық мінезді ұлықтайтын тұжырымдама қабылдау керек деген ұсыныс айтты.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жас ұрпақ тәрбиесі мен мәдени деңгейімізді көтеру мәселесіне мұқият көңіл бөлмесек болмайды. Жабайылық анайылыққа жол ашады. Сондықтан жалпы халықтың, әсіресе, жастардың құндылық бағдарларын тереңдетіп, жұртты еңбекқорлыққа, ізденіске, ілім-білімге бет бұруға, әсіресе отбасы тәрбиесі мен мәдени тәрбиеге барынша күш салу керек деп пайымдаймын. 

Еске салайық, Астанада Тәжікстанның мәдени күндері аясында өткізілген жәрмеңкеде халық тегін жеміс пен декорациядағы табаққа дейін талап алып кеткені қоғам наразылығын туғызған еді. Тамаққа талас біздің елде бұған дейін де болған. Шымкентте тонналап палау пісіргенде де халық бірін-бірі таптап, аш адам секілді қазанға лап қойған. Ол кезде де  «халықтың жағдайы тым нашар емес қой, адамдар мәдениетсіз » деген пікірлер жазылып, қоғамның бір бөлігі халықтың бұл әрекетін қатты сынға алған.


Хабарламаларға жазылу