Таразда бүлінген нысандар көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда бүлінген нысандар көбейген

11.01.2024

Таразда саябақтар сәулетінің сиқы қаша бастады. Соңғы 4 жылда миллиардтаған қаржыға тұрғызылған нысандар тоқырап, тозып жатыр.

Мәселен «Желтоқсан толқыны» саябағындағы субұрқақтың қазіргі қирандыларына қарап, соңғы үлгіде салынған деуге сену қиын. Өйткені тіреуіштері бірнеше жерінен опырылып, гранит жабындылары сынып кеткен. Дәл осындай жағдай 1,5 жарым млрд теңгеге салынған «Көне Тараз» тарихи кешенінде көрініс тапқан. Баспалдақтары бүлінген, сынған қыш тақтайшалардан көз сүрінеді. Ал нысан қабырғаларының кірпіштері құлап қалған.

Эльмира Қырғызбаева, Тараз қаласының тұрғыны:

Біраз жері сапасыз салынған. Оның бәрін «сапасыз» деп бүлдіре берсек, мүлде ешнәрсе жоқ боп кетеді ғой Таразда. Сол үшін ол сапасыз нәрсені одан да ары бүлдіре берудің қажеті жоқ. Негізі сапасыз салынғаны көрініп тұр.

Қала әкімдігі болса құрылыс жұмыстарының сапасында мін жоқ деп отыр. Олардың сөзінше скутер мен скейтборд мінген жастар қолдан қирататын көрінеді. Сондықтан жазға қарай жастар үшін арнайы скейт алаңша салуды жоспарлапты. Бүлінген жерлері бүтінделген саябақтар қатарында Жеңіс, Жастар және Үшбұлақ бар. Нысандар кезінде 1,5 млрд теңгеге салынған.

Қайрат Исмаил, қала әкімінің орынбасары:

Жастарымыз барып аяқпен қолдап тебеді. Ол енді мәдениетсіздіктің белгісі, әрине. Тиісінше сапалы жасалған, ал енді физикалық соққы болуына байланысты сынық, күйреген. Бірақ енді біз оны артынша жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу