Атырауда үйлерді су басып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда үйлерді су басып жатыр

11.01.2024

Атырауда Жұлдыз ықшам ауданының үйлерін су басып жатыр. Себебі ол аумақтағы жер халық игілігіне берілер кезде инфрақұрылымы толық ескерілмеген. Кәріз жүйесімен кетуі тиіс лас су жерге сіңбей, жыл сайын халықты әбігерге салады. Табиғат тосын мінез танытса болды, үйдің айналасында жүру мүмкін болмайды дейді тұрғындар. Олардың айтуынша бұл бірінші рет емес, онымен күресіп келе жатқандарына биыл 3-ші жыл. Салдарынан аула арасында адамнан бұрын автокөліктің де қозғалысы қиындаған. Тіпті кейбір үйлер опырылып құлап жатыр.

Амангүл Қанатова, тұрғын:

Мына үйді 2008 жылы салдық. Сол үй құлап қалды жер асты суының кесірінен. Арғы жағында да су толып жатыр.

Азамат Юсупов, тұрғын:

Септик полный тұрады. Аптасына 2 рет сорғызамыз. 2 рет сормаса дәретханаға бара алмаймыз. Септик сордыру бір машинасы 10 мыңнан, аптасына 20 мың кетеді.

 Әкімдіктегілер бұл мәселемен таныс екендерін айтады. Алдағы уақытта орталық кәріз бен дренаждық жүйе орнатып, тұрғындарды тығырықтан шығарамыз деп уәде етті. Орталық кәріз жүйесін орнату жұмыстары өткен жылы қолға алынған. Алайда жобалық құжаттама әлі бітпеген. Осы жылдың тамыз айында тапсырылып, жұмыстар басталмақ. Ал оған дейін тұрғындар барымен амалдауға мәжбүр.

Шәкір Кейкін, Атырау қаласының әкімі:

Бюджеттен қаражат сұрап, мемлекеттік сатып алу конкурсына жібереміз. Мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз анықталғаннан кейін Жұлдыз ықшам ауданының барлық көшелеріне кәріз жүйелері жүреді.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу