Оралда дәмханадағы жарылыс: Жансақтау бөліміндегі үш науқастың жағдайы ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда дәмханадағы жарылыс: Жансақтау бөліміндегі үш науқастың жағдайы ауыр

11.01.2024

Оралда дәмханадағы жарылыс пен өрттен зардап шеккен Өзбекстан азаматына ота жасалып, политравма бөліміне ауыстырылды. Миы шайқалып, иық-қолы мен қабырғасы сынған 26 жастағы ер адам бұған дейін жансақтау бөлімінде жатқан еді. Ал денесінің тең жартысынан астамын күйік шалған 20 жастағы інісінің жағдайы ауыр. Екеуі де бір ай бұрын Оралға келіп, дәмханада аспаз болып жұмыс істеген. Жансақтау бөліміндегі екі бойжеткеннің де, хәлі нашар. Жалпы ауруханада жатқан бес адамға барлық қажетті ем-шара жасалып жатыр. Дәрі-дәрмек жеткілікті дейді дәрігерлер. Айта кетейік, «Ризық» дәмханасындағы жарылыс пен өрттен үш адам қаза тауып, алтауы жарақат алды. Осы оқиғадан соң, қаладағы 244 кәсіпкерлік нысан өрт қауіпсіздігіне байланысты жоспарлы тексеріс жүргізіледі.

Талғат Темірғалиев, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқарма бастығының орынбасары:

Бүкіл нысан көрсеткіштеріне қарай үш топқа бөлінеді. Жоғары, орта және төмен. Кешегі кафе сияқты нысандар төмен топқа жатады. Олар жоспар бойынша тексерілмейді. Кәсіпкерлік кодексі бойынша олар тек жоспардан тыс тексеріледі. Арыз-шағым болса ғана.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу