Ақтөбеде көпқабатты үйдің тұрғындары жаппай уланып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде көпқабатты үйдің тұрғындары жаппай уланып қалды

10.01.2024

Ақтөбеде көп қабатты үйдің тұрғындары жаппай уланып қалды. Екі адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Жалпы, оннан аса пәтердің тұрғындарынан шағым болған. Белгілісі – жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінің жертөлесіне хлор себілген. Оның иісі жоғарғы қабаттарға жетіп, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етті. Кінәлілер анықталды ма? Тұрғындардың жағдайы қалай? Жақсыбек Кемал анықтады.

Мына бейнекөріністерді тұрғындардың өздері түсірген. Айтуларынша, жертөлеге көп мөлшерде себілген хлор сумен араласып, өткір иіс бүкіл үйді алып кеткен. Салдарынан, тұрғындардың бастары айналып, өздерін жайсыз сезіне бастаған.

Клара Әжниязова,  қала тұрғыны:

Басымыз аурды, ішіміз ауырды, әлі ауырып жатыр. Жедел жәрдеммен барған жоқпын, мені де алып кетемін деп еді, бармадым. Жағдайымыз бірден жақсы болмайды ғой, әрине.

Тұрғындардың кейбірі бұл жағымсыз иіске шыдай алмай, туыстарының үйіне кеткенін айтады. Екі адам жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізілді. Басқаларына үйлерінде көмек көрсетілген.

Марат Жанқұлов, облыстық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері:

«Отравление парами хлора» деген диагнозбен ол кісілерді біздер БСМП-ге, таксокологияға апардық. Сол жақтан қаралып, үйлеріне жіберілген. Дозасы көбейіп кетсе, өте қауіпті жағдай болар еді.

Белгілісі – әуелде тұрғын үйдің кәріз жүйесі бітеліп қалып, лас су жертөлеге аққан. Жағымсыз иісті жою үшін үйді салған мердігер компания өкілдерінің хлор себуге шешім қабылдағаны анықталды.

Әлібек Кенжебаев, құрылыс компаниясының өкілІ:

Екі күн суды сорып алдық насоспен. Содан кейін 4-5 килограмм хлор сеуіп тастадық. Сол хлор кесірінен халық уланып қалдық деп, скорый шақырып, кеше айқай болды..

Оқиға орнына полиция да келген. Алайда, құрылыс компаниясына қатысты іс қозғалған жоқ.

Руслан Көшенов, қала тұрғыны:

Кеше арыздандық, олар айтады, летальный исход болу керек, содан кейін іс қозғаймыз дейді. Өздері емес, негізі СЭС-ке айтып, СЭС істеуі керек қой, профессионалдар.Өздері әкелген де, сеуіп тастаған т үгел. Соның кесірінен жаппай улану болып тұр ғой.

Біз қазір үйдің жертөлесінде тұрмыз. Бұл жер тазартылып, үстіне топырақ себілген.Бірақ хлор иісі әлі мүңкіп тұр. Медициналық бетпердесіз ұзақ тұру мүмкін емес. Ал санитар мамандардың айтуынша, жертөлені хлорлау үшін құрылыс компаниясының рұқсат алуы міндетті емес дейді. Алайда, тексеріс барысында химиялық қоспаның шамадан тыс себілгені анықталмаған.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу