Шымкентте халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы тежелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы тежелді

10.01.2024

Шымкентте соңғы күндері халыққа қызмет көрсету орталықтары тұрғындардың сұранысына сай қызмет ете алмай жатыр. Ғимарат іші адамдарға лық толы. Кезек көп. Әмірхан ақсақал тапжылмай үш сағаттан бері кезек күтіп отыр. Ұлының қайтыс болғанын растайтын анықтама алуы үшін келген қарияның денсаулығы дімкәс. Өзі екінші топтағы мүгедек. «Тым болмаса, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кезексіз қабылдаса»,- дейді ол.

Әмірхан Есқараев, қала тұрғыны:

Үш сағат болды отырғаныма, жалғыз стол қабылдап жатыр. Сол бола ма? Стол үш жерден қабылдайтын болса. Мүгедектер көп отыра алмайды. Денсаулығы жоқ.

Зухра Тұрсынбаева, қала тұрғыны:

Тыныс алуым қиындап отыр мына жерде. Тез-тез қабылдаса болады ғой. Ауа жоқ мына жерде. Осы жерге келеміз деп үйге барып ауырамыз.

Соңғы күндері халық нөпірінің бұлай көп жиналуын, орталықтағылар жаңа жылдағы демалыс күндерімен байланыстырады. Оның үстіне орталық базадағы техникалық ақауға байланысты азаматардың сұранысын дер кезінде орындау мүмкін болмаған.

Алтынай Сапаралы, азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз жетекшісі:

Халыққа қызмет көрсету орталығы мемлекеттік қызмет көрсетуге байланысты 700-ден астам өтініш қабылдады. Еліміз бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің жүйесінде техникалық ақаулар орын алды. СМС хабарламалар уақытылы келмеді. Сол себепті жылдам қызмет көрсету мүмкін болмады.

Мамандар қазіргі уақытта қызмет көрсету орталықтары қалыпты жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу