Ащыбұлақ ауылына қарасты Ақжол саяжайында жаңа мектеп ашылды. Білім ордасы мемлекеттің жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында салынған. Мектепте екі ауысымда 3 мың бала білім ала алады. Халықаралық стандарттарға сай салынған білім ошағының жалпы аумағы – 2,5 гектар. Озық технологиямен жабдықталған 71 кабинет бар. Ғимаратта акт залы, екі спорт зал, робототехника және модификациялық 9 кабинет жұмыс істейді. Тегін үйірмелер қарастырылған. Оқушыларды мектепке тасымалдайтын автобус бар.
Ақылбек Солтанқұлов, мектеп директоры:
Бұл жерде ата-ана ешқандай ақша төлемейді. Сонымен қатар саяжайда салынғандықтан бірнеше саяжайдан автобус тасымалын ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі таңда 4 бағытта 9 автобус шықты. Басты мақсатымыз – оқушыға сапалы білім беру.
Былтыр елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мыңнан аса жоба іске асты. Олардың жалпы құны – 2 трлн теңгенің үстінде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін мың мектеп салу жоспары әзірленген. Былтыр 95 мыңнан аса орынға шақталған 109 мектеп пайдалануға берілді. Ал жан басына қаржыландыру бағдарламасы арқылы жаңа екі білім ошағы ашылып, орын жетіспеушілік саны 8 мыңға азайған. Қазір республика бойынша үш ауысымда білім беретін әлі 112 мектеп бар. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік бағдарламаның тигізер пайдасы мол дейді кәсіпкерлер.
Әйгерім Ердәулетқызы