Әлемнің бірқатар елінде ауа райы қолайсыздық танытып жатыр. Ұлыбританияда өткен аптада басталған су тасқыны әлі сейілген жоқ. Онымен күреске миллиардтаған қаржы бөлінді. Швецияда қалың қар жауып, жүздеген көлік жолда қалды. Ал АҚШ-та ондаған миллион тұрғын боранға байланысты ескерту алды.
Ұлыбританияда тасқыннан қорғануға 5,2 млрд фунт стерлинг бөлінді
Ұлыбритания үкіметі елді жайлаған алапат су тасқынынан қорғаныс мақсатында 5 млрд 200 млн фунт стерлинг немесе 6 миллиард 600 млн доллар бөлді. Құрама корольдікке "Хэнк" атты күшті дауыл өткен аптада көтерілді. Екпінді жел тұрып, үздіксіз нөсер жауып, өзендер тасыған. Жағдай әлі қалпына келген жоқ. Үкімет су тасқыны жайында 300-ден аса ескерту жасады.
Словенияда 5 адам үңгірде қалып қойды
Словенияның оңтүстік-батысында толассыз жауған нөсерден кейін өзеннің деңгейі көтерілді. Табиғи апат кезінде Крижна үңгірінен 5 адам шыға алмай қалған. Тасқын олар үңгір аралап жүрген кезде басталған. Оларды шығару үшін сүңгуірлер мен құтқарушылар жіберілді. Соңғы мәліметтерге сай, үңгірде қалғандарға су, тамақ және жылытқыш құрал жеткізілген. Құтқару жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз. Адамдарды аман алып шығу үшін су деңгейінің төмендеуі маңызды.
Швецияда үздеген көлік қар құрсауында қалды
Ал Швецияда қыс қаһарына мінді. Елде ширек ғасырда болмаған үскірік аяз тіркелді. Оның үстіне, қалың қар жауып, жүздеген көлік қар құрсауында қалған. Оларды шығару үшін полиция, құтқарушылар, қорғаныс күштері түні бойы жұмыс істеді. Көлік жүргізушілері 13 сағат бойы жолдың ашылуын күтуге мәжбүр болған.
АҚШ-та боран соғып, қалың қар жауды
АҚШ-та боран соғып, ауа райының қолайсыздығына байланысты 70 миллион адамға ескерту жасалды. Тұрғындарға жолда сақ болуға, мейілінше алыс сапарға шықпауға туралы кеңес берілді. Кей штаттарда жауған қардың қалыңдығы 30 см-ге жеткен. Маманедар, мұндай ауа райы бірнеше күнге жалғасуы мүмкін деп отыр.
Арай Төлегенқызы