Ташкентте қысқы киімдерді тегін таратқан дүкен иелері жауапқа тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ташкентте қысқы киімдерді тегін таратқан дүкен иелері жауапқа тартылды

08.01.2024

Ташкентте қысқы киімдерді тегін таратқан дүкен иелері жауапқа тартылды. Кәсіпкерлерге 3,5-нан 5 млн сум аралығында айыппұл салынды. Юнусабад ауданында орналасқан сауда орны ерлердің киімін жұртқа тегін бермек болады. Оны алуға барғандар бір-бірін таптап кетуге шақ қалған. Кәсіп иелері арнайы акция өткізіп, 300 қысқы пальтоны таратуға бел байлаған. Алайда, сауда үйінің алдына жиналған жұрттың қарасы тым көп болып шыққан. Сөйтіп жиын соңы төбелеске ұласа жаздаған. Жағдайды реттеуге полицейлер араласты. Ташкент қалалық ішкі істер басқармасының дерегінше, зардап шеккендер жоқ.

«Brand Rows» дүкенінің директорына және тоғыз қызметкеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Тиісті құжаттар Юнусабад аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотына жолданды. Сот дүкен иесіне 5,1 млн сум, ал қызметкерлердің әрқайсысына 3,4 млн сумнан айыппұл салу туралы шешім қабылдады.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу