Оралдағы жарылыс: Тұрғындарға келтірілген шығынды кәсіпкер өтейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралдағы жарылыс: Тұрғындарға келтірілген шығынды кәсіпкер өтейді

05.01.2024

Оралда жарылыс пен өрттен үш адам қаза тапқан дәмхана орнында апаттан құтқару жұмысы аяқталды. Қираған ғимарат толығымен аршылды. Қазір тергеушілер адам өлімі мен жарылыстың себебін анықтап жатыр. Қайғылы оқиғада қаза тапқандар мен зардап шеккендердің дені - өрімдей жастар. Тақырыпты Ардақ Мұратқызы тарқатады.

Бөкейордалық 19 жастағы студент Маргарита Мұхамбетжанова дәмханада даяшы болып қызмет еткен. Түнгі сағат 12-де жұмысы бітсе де, әкесіне "құрбыларыммен шәй іше тұрамын" деп кідірген. Ал 20 жасар студент Ерхан Тоқпаев халал дәмханаға достарымен кездесуге барған. Екеуінің де мүрдесі жанып кеткен. Қаза тапқан үшінші адам - Руслан Қаржаубаевтың денесі бетонға қысылып қалған. Көлік жөндеумен айналысатын 32 жастағы азамат жұмыстан шығып, досымен бірге дәмханаға тамақ ішуге кірген беті екен. Артында жары, ұлы мен қызы қалды.

Ержан Хасанов, Р. Қаржаубаевтың туысы:

Руслан жиенім өзінің туысымен жеке кәсіппен айналысты. Дөңгелеп отырды шаркасы. Шаруасына мығым, нақты, көп сөйлемейтін, өзі орнықты жігіт еді. Мықты азамат. Сондай азаматтан айырылып жатырмыз ғой. Соғыс жоқ, тып-тыныш бейбіт кезеңде. Білмеймін енді бұған кім жауап береді.

Марқұм Русланның қасындағы досы, 32 жастағы Бегайдар Аткешев жарылыс кезінде аман қалды. Қазір аурухананың политравма бөлімінде ем алып жатыр. Ал жансақтау бөліміндегі 4 адамның екеуі - Өзбекстан азаматтары. Дәмханада бірі бас аспаз, екіншісі кәуапшы болып жұмыс істеген.

Диас Жайлаубайұлы, қалалық көпбейінді аурухана директорының орынбасары:

Жалпылама диагноздары - жалыннан болған термиялық күйік. І дәрежеден ІІІ А - ІІІ Б дәрежеге дейін және көлемі бойынша 3 %-дан 55%-ға дейін. Қазіргі таңда реанимация бөлімінде жатқан науқастардың жағдайлары өте ауыр деп саналады. Бірақ естері анық. Өз бетімен дем алып жатыр.

Жарылыс болған дәмхана мен бес қабатты тұрғын үйдің арасы қашықтығы бір метрге де жетпейді, тиіп тұр дейді тұрғындар. Ал заң бойынша арақашықтық 6 метр болуы керек. Тұрғындар мен сол маңдағы кәсіп иелеріне келтірілген шығынды мердігер өтейтін болды.

Азамат Халелов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Екі бизнес нысан мен тұрғын үйдегі 4 пәтерге зақым келген. Терезе сынуы, төбннің құлауы, есіктің бөлінуі. Жалпы орташа шығын 2 млн теңге шамасында. Бұл шығынды застройщик мойнына алуға дайын.

Оқиға орнында құтқарушылар мен құзырлы орган өкілдері 16 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеді. Әзірге жарылыстың неден шыққаны белгісіз. Тергеу жүріп жатыр.


Хабарламаларға жазылу