Қызылорда облысында 10 жасар жыршы текті өнерді дәріптеп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында 10 жасар жыршы текті өнерді дәріптеп жүр

03.01.2024
Қызылорда облысында 10 жасар жыршы текті өнерді дәріптеп жүр

Қызылорда облысы Қармақшы ауданы жыршылық өнердің киелі мекені. Бүгінде еліміздегі ең жас жыршылардың бірі Тұрмағамбет ауылында тұрады. 10 жасар Фатима Сыр сүлейлерінің 10-нан аса жыр-дастанын жатқа орындап, текті өнерді дәріптеп жүр.

100 шайыр шыққан Тұрмағамбет ауылында жыр айтып, домбыраның құлағында ойнайтын өрендер көп. Кішкентай Фатима қазақтың ұлттық аспабын 7 жасында қолына алып, қатарластарынан дараланған. Талабы таудай баланы жыр үйірмесіне әжесі әкеліпті. Содан бері жыршылық өнерді бойына сіңіріп, көпті талантымен тәнті етіп жүр.

Фатима Мархабатова, жас жыршы:

Мен көптеген байқауларға, фестивальдерге қатысып, жүлделер алып жүрмін. Қазір оншақты термені жатқа білемін. Мен болашақта әлемге танылған жыршы болғым келеді. Өзімнің елімді халыққа танытқым келеді.

Аядай ауылда бүгінде Жиенбай мен Тасберген жырау атындағы екі жыр үйірмесі жұмыс істейді. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, текті өнер атадан балаға дарып келеді. Қазір елдімекеннің 40-жуық өрені жыршылық өнерді дәріптеп, қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен.

Алмат Азаматов, Тасберген жырау үйірмесінің жетекшісі:

Осы домбыраны қолға алып, қаншама ата-бабаларымыздың өлеңдерін, сөздерін осы халыққа, елге насихаттау мақсатында жұмыс істеп жатырмын. Мың жылқы шапса ішінен біреуі ғана жүйрік болады. Сол сияқты балалардың арасынан өзі суырылып шығып жатқан қаншама шәкірттеріміз бар.

Жалпы Қармақшы барлық елдімекенінде жыр үйірмелері ашылған еліміздегі жалғыз аудан. Сыр сүлейлерінің бүгінгі ізбасарлары саф өнерді сақтап қана қоймай, жас ұрпаққа кеңінен дәріптеп келеді.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу