Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмысын қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмысын қорытындылады

26.12.2023

XX ғасырдағы репрессия құрбандарын ақтау үшін елімізде 2 млн 600 мыңнан астам құжат пен материал құпия архивтерден жарыққа шығарылды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен жиында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмысын қорытындылады. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етті. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарды. Олар саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді. Нәтижесін ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін толық ақпарат қамтылған 72 томнан тұратын жинақ әзірленді. Алдағы уақытта ол цифрландырылып, кез келген адамға қолжетімді болуы үшін арнайы порталға орналастырылады.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік Кеңесшісі:

Бұл орталық тарихи мұраларды рестоврациялау мен қалпына келтіруден бастап оны дұрыстап сақтауға және ғылыми зерттеуге дейінгі барлық сатыны қамтитын архив құжаттар мен жұмыс істеудің толық циклы түзілді. Арнаулы жабық мемлекеттік архивтерден 2 жыл ішінде осы орталыққа репрессияға ұшыраған адамдарға қатысты 688 мыңнан астам іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы берілді. Бұл жұмыс жалғасып жатыр.

Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының докторы, комиссия мүшесі:

Бұл тек қана бірінші кезеңі. Біз тек қана бітіріп жатқан бұл комиссияның жұмысының нәтижесі бұрынғы жиналған құжаттарды бір тәртіпке келтіру. Енді келесі жұмыс осыларды сараптау, оны дайындап, оқулықтарға, кинофильм, халыққа жеткізу, арнайы каналдар құрылады. 

Отырыстың соңында Мемлекеттік комиссия мүшелері, ғалымдар, зерттеушілер, сарапшылар Комиссия жұмысына және ғылыми-зерттеу қызметін жүргізуге мемлекет тарапынан әрдайым қолау көрсетілгені үшін Президентке ризашылық білдірді.

Хабарламаларға жазылу