Жойылудың аз-ақ алдында тұрған «Қостанай жылқысын» көбейту қолға алынды. Мамандар, қазір кезіндегі 44 мыңнан 120 бас жылқы қалғанын айтады. Оның өзінде 25-і ғана таза қанды. Кеңес Одағы ыдырағаннан бері бұл жылқы тұқымына еш көңіл бөлінбеген. Тек 2019 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен мәселе қолға алынды.
Асқар Дүйсебек, агрохолдинг басшысы:
Қазір біздің жылқы зауытында екі Қостанай тұқымды жылқымыз бар. Біздің жоспарымыз тағы да 20 жылқы алып, сол екі жылқымен ары қарай жұмыс істеп, санын көбейту.
Осы мәселе Алматы облысында өткен жиында талқыланды. Оған асыл тұқымды жылқы зауыттарының, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдар мен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының өкілдері қатысты. Жиын соңында «Қостанай жылқысын» жаңғыртуға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бауыржан Қасенов, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» АҚ басқарма төрағасы:
Кезінде бұл тұқымды алуға 100 жылдай уақыт кеткен болатын. 1951жылы Қазақстанның климатына өте бейімделген Қостанай жылқысы пайда болды. Мәселен, Майкөлдік Червонец деп аталатын қостанайлық жылқы 100 шақырымды 4 сағат, 1 минутта жүгіріп өтіп, әлемдік рекорд орнатты. Бұл рекордты әлі ешкім жаңарта алмады. Сондықтан бұл тұқымның мүмкіндігі көп. Шаруаға да, әрі спортқа да өте ыңғайлы.
Қуан Нұрақын