2023 жыл, наурыз: Елена Рыбакина теннистен WTA-1000 турнирін жеңіп, әлемнің төртінші ракеткасы атанды. Наурыз: Артынша футболдан Қазақстан құрамасы өз алаңында Данияны қабылдап, тарихи камбек жасады. Сәуір: Кейін жеңісті жолды Қазақстан боксшылары жалғады. Ташкенттегі әлем чемпионатында 4 алтын, 1 күмісті еншіледі. Қыркүйек: Ризабек Айтмұхан Қазақстан тарихында тұңғыш рет еркін күрестен әлем чемпионы деген атақты жеңіп алды...Ал футболдан Еуропа чемпионатына бет алған Ұлттық құраманың жемісті жорығы жалғасты... Спорттағы жарқын жеңістер Қазақстан жұртының еңсесін тіктеп, аренаға одан қалды теледидар алдына тоғыстырды. Ойыннан кейін қоқысты жинап кеткенін де мақтана айттық. Бірақ әлеуметтің басы тек қуанышты сәтте ғана бірікпеді.
2023 жыл наурыз: Көктемде Қазақстанда банкроттық туралы заң қабылданды. Сол-ақ екен бір күннің өзінде банкроттыққа 2,5 мың адам өтініш берді. Азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына ағылды... Үкімет дәл осы шешім халықты кедейліктен шығаруы керек деген ойда. Бірақ, бас-аяғы 6 айда банкроттыққа 70 мың адам өтініш бергені ситуацияның күрделі екенін аңғартатындай. Оның 6 мыңы мақұлданып, 9 миллиард теңге қарыз кешірілді. Қазақстандықтардың банкке әлі 9 трлн 200 млрд теңгеден астам берешегі бар.
Ерсінбек Арғынбек, әлеуметтанушы:
Бұл масылдыққа әкелуі мүмкін деген үлкен теория бар. Яғни, бұл теорияға сәйкес адамдардың қарызға деген мүмкіндіктері ашылады. Яғни, олар қарыз алуға тырысады. Және сол қарызды өтемеуге деген оларда сенім пайда болады. Яғни, мемлекет жабады. Мемлекет бізге қайтарып береді деген.
2023 жыл, маусым. 23 жылдың жазы Абай облысындағы алапат өртпен басталды. 60 мың гектар орман алқабы жанып кетті. 14 адам қаза тапты. Аза тұттық. Сол кезде орманшылардың жалақысы мардымсыз екені белгілі болды. Осыдан кейін...
Сұлтан Мұстафин, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:
2023 жылы Қазақстан Республикасы орманшыларының штаттағы орманшыларының айлығы 100 пайызға өсті. Яғни екі есеге. Үстемақы ретінде қосылды. Штаттан тыс өзге де қызметкерлер үшін 70 пайыз үстемақы тағайындау жөніндегі келісімге қол қойылған. Бұрын 110 мыңнан 170-180 мыңға дейін алған адамдар қазір кемі 220 мыңнан жоғары қарай айлық алып отыр.
Дәл осы жағдай орманшылардың көлігінің де, техникасының да тозғанын айқындап берді.
Сұлтан Мұстафин, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:
Орман шаруашылығы біршама жаңа техникамен 300 бірліктің үстінде жаңа техникамен 600 бірліктің үстінде қосалқы яғни тіркеме техникамен толықты. Бұл жұмыс үрдісін едәуір жеңілдетеді.
Биыл тұрмыстағы зорлық-зомбылық 2017 жылмен салыстырғанда 3 есеге өскені белгілі болды. Бұған тоқтау салу үшін шілдеде заңға арнайы өзгеріс енгізілді.
Азамат Құрымбаев, ҚР ІІМ ӘПК Басқарма бастығының орынбасары:
Бірінші шілдеден бастап баяғыда арызданушы сипаты дейміз ғой. Қазіргі таңда енді анықтау сипатына көштік полиция қызметкерлері. Яғни бұл дегеніміз көрші болсын, тума-туыс болсын. Әкімшілік істі жәбірленушінің арызынсыз іс қозғай алады.
Биылдың 11 айында зорлық-зомбылықтың қылмыстық іске өткенінің саны 800-ден асып кетіпті. Алдын-алу үшін қамауға алу мерзімі де ұзартылған еді...
Азамат Құрымбаев, ҚР ІІМ ӘПК Басқарма бастығының орынбасары:
Бір немесе үш тәулікке шейін сот арқылы қамауға алынатын еді. Қазіргі таңда біз шектеу қойдық. Шектеу деген кемінде 5 тәулік болады. 10-15 тәулік. Егерде қайталап жататын болса 1 жылдың ішінде 25 тәулікке дейін қамауға алынады.
Кейін қоғамды дүрліктірген Бишімбаев оқиғасы тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін қайта қарау керектігін тағы бір еске салды. Қоғам тағы бірікті. Заңды күшейту керек деп, 150 мың адам петицияға қол қойды. 2023 жыл, тамыз. Бұл жыл Арселор Митталға кірген кәсіпорындардағы апаттармен де есте қалмақ. Алдымен тамызда «Қазақстан» шахтасындағы жарылыстан 5 кенші қаза тапса... 2023 жыл, қазан. Күзде «Костенко» кенішінде 46 азаматтың өмірі қиылды. Қазақстан халқы бір жылда екінші рет аза тұтты. Осы жағдайдан кейін Үкімет кеншілердің жалақысын өсіру туралы жеке компаниялармен келісім жүріп жатқанын мәлімдеді. Зейнет жасы да қайта қаралатынын айтты.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Біз заң жобасын әзірледік. Оған сәйкес ұзақ уақыт зиянды жағдайда жұмыс істеген азаматтар зейнетке ерте шыға алады. Оларға төлем бірнеше көзден жүргізіледі. Кейін еңбек зейнетақысын алады. Кеншілерге арнайы төлем беріледі және олар зиянды жағдайда жұмыс істемейді.
Осы аптада президент тиісті заңға қол қойды. Енді келер жылдан кеншілер 55 жаста зейнетке шыға алады. Ал биыл резонанс тудырған жағдайдан кейін Лакшми Миттал қос бірдей өндіріс орнын 286 миллион долларға сатып, Қазақстанмен байланысын үзді. Металлургия комбинатына «Қармет» атауы қайтарылып, жаңа инвесторы Андрей Лаврьентев болды. 2023 жыл аяқталуға жақындағанда Алматы хостеліндегі өрт қарашаны есеңгіретті. Оқыс жағдайдан 13 адамның қаза тапқаны белгілі болды. Осыдан кейін жауаптылар хостел, жатақхана біткенді жаппай тексере бастады.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Алматы қаласындағы 13 адамның өмірін алып хостелде болған қайғылы оқиға қоғамдық резонанс тудырды. Мұндай фактілердің алдын-алу үшін биіктігі 28 метрден астам ғимараттар мен адам жаппай шоғыраланатын нысандарды пайдалануға қабылдау кезінде министрліктің қатысу қайтару бойынша норма енгізілді. Министрлікке арнайы техникалық шарттарды келісу өкілеттілігін беру көзделді.Қызмет көрсету ұйымдарында білікті өрт маманы жоқ екендігі де, халықаралық тәжірибеге сәйкес бұл қызметті лицензиялау қажеттілігі де осы жағдайдан кейін айтыла бастады.
Елдос Есенбол, тілші:
Иә, биыл болған оқыс оқиғалар әдеттегідей заңдағы олқылықтарды, қордаланып қалған мәселелерді ашып берді. Былтыр төтенше жағдай жарияланып, қыс бойы дірдектеп шыққан Екібастұз осы қыстан да қиналып шыға ма деген күдік басым. Желтоқсан басында ЖЭО-да тағы апат болды. Оған Теміртау, Кентау, Степногорск сияқты моноқалалар қосылды. «Апта» бағдарламасында ең жиі көтерілген тақырып та осы – энергетика саласы. «Апта» айтқан тағы бір маңызды проблема: мектептегі орын тапшылығы. 270 мыңға жуық оқушы сыймай жүр. Сондай-ақ медициналық нысандардың 40 пайызы тозғаны, ал жабдықтардың 50 пайызы ескіргені де қозғалды. Қысқасы, келер жылға қалған әлеуметтік мәселе әлі де көп. Бірақ олар оқыс оқиғадан кейін емес, алдын ала шешілер деген үмітпен қадам басқымыз келеді...
Елдос Есенбол