«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы иегерлері марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы иегерлері марапатталды

22.12.2023

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары анықталды. Үздіктерді елордада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева марапаттады. Сонымен кімдердің асығы алшысынан түсіп, абыройы асқақтады.

«Дарын» - 31 жылдық тарихы бар ең мәртебелі сыйлықтың бірегейі. Тек талабы бен таланты тұғырға қонған жастарға ғана беріледі. Аида Балаева Мемлекеттік деңгейдегі бұл марапаттың маңызы ерек деді. Жігері жалын, рухы асқақ жастарға көрсетілген зор құрмет екенін айтты.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев зиялы, интеллектуалды ұлт туралы айтқанда ең алдымен оның негізін құраушы өздеріңіздей өнерлі де білімпаз ғана емес терең саналы, рухани сапалы жандар туралы айтады. Бір ғана Димаш Құдайбергеннің мысалында отанымызды, оның мәдениеті мен тілін төрткүл дүниеге паш етіп жүрген өнерпаз ғана емес, ішкі парасаты зор, адами тәлімі үлгі, жаны мейірман азамат екенін көреміз. Сөз жоқ бұл жастарға дұрыс бағыт көрсететін өнегелі тұлға.

Биылғы Дарынның жөні бөлек. Үміткерлер жасы 35-ке дейін ұлғайтылды. «Қоғамдық қызмет» номинациясы «Креативті бастамалар» деп өзгертілді. Түскен өтінімнің саны жылдағыдан 50 пайызға көп. 340-қа жуық жастың жұмысы 10 номинация бойынша сарапқа салынды. Оларға қоғам қайраткерлері мен салада айшықты орны бар тұлғалар қазылық етті. Нәтижесінде 19 жастың жұлдызы жанып, абыройы асқақтады. Оларға арнайы диплом мен төсбелгі және ақшалай сыйлық табысталды. Үздіктер арасында «Журналистика» аталымы бойынша Ұлттық Арна тілшісі Ақерке Бектас та бар.

Ақерке Бектас, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының тілшісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:

Біздің түсірген репортажымыз атажұртын аңсап келгенде, 40-50 азаматтық қандас мәртебесін иеленіп, Қазақстан Республикасының азаматы атануына түрткі болды. Біздің түсірген репортажымыз пандемия кезінде үстеме ақы ала алмай жүрген дәрігерлердің адалынан ақысының есептелуіне түрткі болды. Біздің түсірген материалымыз қызметінен айырылған ұшқыштың өз қызметіне оралуына себеп болды. Осы сияқты себептер өте көп. Бұл менің қызметтік және адамдық міндетім. «Дарын» сыйлығы алдағы атқаратын қызметіме жауапкершілік деп есептеймін.

32 жылдың ішінде Дарын сыйлығы 320 жасқа берілді. Келер жылы да дәстүрлі марапат жалғасын таппақ.


Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу