Жағдай тұрақты: Мамандар Жетісу тауларының солтүстік сілемдерін тікұшақпен барлап қайтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жағдай тұрақты: Мамандар Жетісу тауларының солтүстік сілемдерін тікұшақпен барлап қайтты

22.12.2023

Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаменті және Қазселденқорғау мекемесінің қызметкерлері Жетісу тауларының солтүстік сілемдерін тікұшақпен барлап қайтты. Мұндағы мақсат таудағы қар қалыңдығын көріп, қар көшкіні жиі жүретін аймақтарды бағамдап қайту. Сондай-ақ тау басындағы мореналық көлдер мен өзендердің қазіргі жағдайына бақылау жүргізу. Мамандармен бірге Жетісу тауларындағы ахуалды әріптесім Қуаныш Қанатұлы көріп қайтты.

Жетісу Алатауының теріскейінде қар қалың, ал күнгейіндегі жоталардың көбінде ақ ұлпа жоқтың қасы. Бірлі-екілі жерде өздігінен қар көшкіні жүрген жерлер болмаса елді-мекендерге ешқандай қауіп жоқ.

Бақытжан Әділжанов, Жетісу облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері:

Гидрометеорологиялық жағдайды күнделікті бақылау және мониторингтеу үшін Қазселденқорғау және Қазгидромет мекемесінің филиалдарымен 57 гидропост орнатылған. Бүгінгі таңда облыс бойынша жағдай тұрақты.

Бір ғана Қора шатқалында 60-тан астам қар көшкіні жүруі мүмкін аймақ тіркелген. Ал Ақсу, Басқан, Лепсі өзендерінің кейбір жерлерінде мұз қатқан.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Бұл жолы біз Жасылкөлге дейін ұшып қайттық. Байқағанымыздай көлдің бетіне әлі мұз қатпаған. Демек тауда күн райы жылы. Қар да аз түскен. Бірақ алда екі ай қыс бар.

Аэровизуалды бақылау нәтижесімен мамандар келер жылдың көктеміне болжам жасауға болатынын айтады. Тауда қар жұқа. Демек ауылшаруашылық алқаптарында су тапшылығы болуы әбден мүмкін.

Айдос Сабырбаев, «Қазселденқорғау» ММ Жетісу алатауы аймақтық пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:

1300 метр биіктікте және 3000 метр биіктікте қар жамылғысы 1 метр мен 1,5 метр аралығында ғана. Өзен арналары мұз жамылғысымен жамылған. Транзитті режимде. Қар деңгейі оңтүстік қыраттарда аз, солтүстік қыраттарда өз бетінен түсу, қар көшкіндері тіркелген.

Жетісу Алатауында бақылау тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Алдағы уақытта таудың оңтүстік сілемдеріне барлау жасау жоспарланып отыр.


Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу