Алматыда жер сілкінісін болжайтын 28 станция орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жер сілкінісін болжайтын 28 станция орнатылды

21.12.2023

Алматыда сейсмикалық қауіпсіздік күшейтілді. Шаһарға жер сілкінісін ерте ескертетін бірнеше станция орнатылды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді. Сондай-ақ табиғи апатты алдын алу мақсатында екі ай ішінде үш жарым мың ғимарат тексерілді. Қалған 13 мың нысанға келер жылы толық аудит жүргізіледі.

Қазір Алматыда жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарының сейсмикалық тұрақтылығына қойылатын талаптар да күшейтілген. Жер сілкінісі қаупі жоғары аймақтарға салынытын үйлердің биіктігі 9 қабаттан аспауы тиіс. Қала әкімі аудит жұмыстарын жүргізуге енді ғылыми-зерттеу институтының мамандары да қатыса алатынын айтты.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

Жер сілкінісін ерте ескертетін сейсмикалық станцияны орнату толығымен аяқталды. Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен халықты қабылдайтын 545 пункт анықталды. Бостандық ауданында өрт сөндіру депосының құрылысы аяқталды. 75 метрлік 2 өрт сөндіру сатысын және 90 метрлік 1 көтергіш сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін келер жылға жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді.
70 КӨШЕГЕ 25 ЖАҢА ЖОЛ САЛЫНДЫ

Дәл қазіргі сәтте мегаполис үшін қала жолдары мен қоғамдық көліктерді дамыту маңызды. Биылдың өзінде Алматының 70 көшесіне 25 шақырым жаңа жол салынған. Ал метродағы жолаушылар саны 100 мың адамға дейін өссе, қоғамдық көліктегі жолаушылар легі тәулігіне бір жарым млн адамға көбейген.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

Соңғы 11 жылда алғаш рет 100 троллейбус сатып алынды, 2024 - жылы тағы 100 бірлік сатып алу жоспарлануда. Бұл троллейбус паркін 100%-ға жаңартуға мүмкіндік береді. Алматыда метро белсенді дамып келеді. Биылғы жылы 3 қосымша жылжымалы құрам іске қосылды. Қозғалыс интервалы 5 минут 38 секундқа дейін азайды.
Тәуірбек Бозекен, тілші:

Алматыда келер жылдан бастап жеке тасымалдаушылар үшін дизельмен жүретін автобустарды сатып алуға тыйым салынбақ. Мәселен, биылдың өзінде қаланың автобус паркі 1150 экологиялық таза автобусқа жаңартылды. Шаһар әкімі Ерболат Досаев Алматыда экологиялық таза көліктер санын әлі де көбейтеміз деп отыр.

Тәуірбек Бозекен

Хабарламаларға жазылу